$494.87 €520.65 ₽4.91
×

"Түркістан өңірінің келешегі жарқын деп ойлаймын",-Қ.Тоқаев

27.09.2024ж. 20:00
429
"Түркістан өңірінің келешегі жарқын деп ойлаймын",-Қ.Тоқаев

Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 14 мың оқушыға арналған 29 мектеп салынып жатыр. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық бойынша істі болғандардан тәркіленген қаржыға өңірде 20 білім беру нысаны бой көтереді. Оның 13-і биыл пайдалануға берілмек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Түркістан облысына барды. Мемлекет басшысы аймақтағы білім беру, мәдениет және спорт нысандарын аралап, өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалармен танысты. 

Мемлекет басшысы "Білім-Инновация" лицей-интернатында болды. Оқу ғимараты биыл пайдалануға беріліп, лицей Кентаудан Түркістан қаласына көшірілген. Қазір мұнда 500-ден астам оқушы білім алып жатыр. Президент оқу және үйірме кабинеттерін, спорт залын аралап көрді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Спортпен шын мәнінде айналысу керек. Спортсыз қазіргі таңда болмайды. Сондықтан жақсы оқушылар болыңдар. Жақсы спортшы болыңдар. Еліміздің келешегі жастарды, балалардың қолында. Сондықтан баршаңызға аманшылық тілеймін. Әрқашанда бақытты болыңдар.

Мемлекет басшысы Түркістан қаласындағы Мұз сарайын да барды. Заманауи үлгіде жабдықталған кешенде шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және хоккей сияқты қысқы спорт түрлерімен жыл бойы айналысуға қажетті барлық жағдай жасалған. Нысанда Италия, Канада, Германия, Финляндия елдерінде шығарылған қондырғылар орнатылған. Арнайы технология алаңның пішінін өзгертуге мүмкіндік береді. Сол арқылы мұз айдынында бір мезгілде бірнеше спорт түрімен шұғылдануға болады. Қасым-Жомарт Тоқаев Мұз сарайын аралап көріп, балалардың өнерін тамашалады. Сондай-ақ бапкерлермен және спортшылармен кездесті.

ӘЛИХАН ЕРГЕБЕК, ЖАС СПОРТШЫ:

Кішкентайымнан хоккей үйірмесіне қызығып, қазіргі таңда кәсіби түрде айналысудамын. Қазақстанның бірнеше қалаларында жаттығу жасап, біліктілігімді арттырып, бүгінде туған өлкем Түркістанда алғаш құрылған хоккей командасының құрамындамын. Өзіңіздің қолдауыңызбен жастарға мүмкіндік беріп отырғаныңызға қуаныштымын.

Мемлекет басшысы Түркістан қаласында жаңадан бой көтерген «Достық үйінің» жұмысымен де танысты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен салынған кешенде «Қоғамдық келісім» мекемесі, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Ардагерлер кеңесі, Аналар кеңесі, Медиация кеңесі, сондай-ақ аймақтағы 11 этномәдени бірлестіктің өкілдіктері орналасқан. Мемлекет басшысы жергілікті зиялы қауыммен және Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелерімен жүздесті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қастерлі Түркістан жеріне арнайы келіп отырмын. Түркістан өңірінің келешегі жарқын деп ойлаймын. Жастарымызға үлгі-өнеге көрсетіп жүрген ардагерлерге алғыс айтқым келеді. Ең алдымен, жастарға қолдау білдіруіміз керек. Біз бәріміз бірігіп, ел үшін еңбек етуіміз қажет.

Кездесуде Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов Түркістанның облысқа айналған сәтінен бері орын алған оң өзгерістерге тоқталып, халық саны тығыз орналасқан өңірге мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық үшін ризашылығын білдірді.

СОЗАҚБАЙ ӘБДІҚҰЛОВ, АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біздің еліміз қазір Қазақстанымыз ынтымақ бірлігі, татулығы жарасқан ел болды. Еліміз жылдан-жылға сіздің бастаған реформалардың нәтижесінде берік экономикасы артып, халықтың әл-ауқатын тұрмыс жағдайы жақсарып келе жатыр.

Мемлекет басшысы Түркістанның көрікті, таза қалаға айналғанына назар аударды. Ардагерлерге алғыс айтып, ел болашағы үшін жұмылып жұмыс істеуге шақырды.