$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Биылғы 3 айда 373 мемлекеттік қызметкер жемқорлықпен ұсталып, жауапқа тартылған

AstanaTV
19.04.2017ж. 20:00
2207
Биылғы 3 айда 373 мемлекеттік қызметкер жемқорлықпен ұсталып, жауапқа тартылған

Биылғы 3 айда 373 мемлекеттік қызметкер жемқорлықпен ұсталып, жауапқа тартылған. Бұл сандарды Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев Сенат отырысында айтты. Жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіруде бірқатар өзгерістер енгізу ұсынылып отыр. Квазимемлекеттік сектордағы қылмыстардың 55 пайызы сатып алулармен байланысты. Сондықтан агенттік өкілдері бұл саладағы сатып алуларды реттейтін заң қажет деп отыр. Сонымен қатар  қылмыстық істердің кейбір түрін жемқорлық қылмысқа ауыстырып, жазаны да қатаңдатуды ұсынды.

Алик Шпекбаев, ҚР мемлекеттік қызмет істері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары:

Қылмыстық істердің кейбір құрамын жемқорлық қылмысқа ауыстыру керек. Мәселен, өзіне сеніп тапсырылған біреудің мүлкін талан-таражға салу немесе иемдену. Ол аса ірі көлемдегі мүлік болуы мүмкін. Бірақ ол жемқорлық қылмыс нормасынан түсіп қалған. Сондықтан біз мұны жемқорлық қылмысқа жатқызуды ұсынамыз. Ондай адамдар мемлекеттік қызметтен өмір бойына аластатылуы керек.

Заң жобасын талқылауға қатысқан қоғам өкілдері жемқорларға деген жазаны күшейтпей, парақорлардың азаймайтынын айтты.

Нұрлан Ерімбетов, «Қазақстанның азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті:

Жемқорлық үшін айыппұл төлейді бізде. Ал олардың кесірінен адамдар өліп жатыр. Балаларына көлік жүргізушісінің куәлігін сатып әпереді, олар адамдарды басып жатыр. Дипломды сатып алған дәрігер, мысалы, қанша адамның өліміне себепші болады. Біз, міне, осы тұрғыдан қарауымыз керек.