$540.78 €618.65 ₽6.71
×

Анкарадағы жарылыстан 37 адам қаза тапты

AstanaTV
14.03.2016ж. 20:00
1569
Анкарадағы жарылыстан 37 адам қаза тапты

Түркия астанасында тағы да жарылыс болды. Терактіден 37 адам қаза тауып, 125-і жараланған. Жанкештінің бірі Балыкесір университенінің студенті деген ақпарат тарады. Қазір қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында қазақстандықтардың бар-жоғы анықталып жатыр. Қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан президенті түріктерге көңіл айту жеделхатын жолдады. КТМ. Арада бір ай өтпей Анкарада тағы да теракт. Жарылыс қаланың қақ ортасындағы дәл осы Қызылай алаңы маңында қайталанып отыр. Жанкештілер ұрланған көлікке мініп, кісі қарасы қалың аялдама жанында көлікті жарып жіберген. Куәгерлердің айтуынша, сол маңдағы автокөліктердің барлығы өртенген.

Оқиға куәгері:

Жойқын жарылыс, мен отырған автобустың оң жағында болды. Көліктің терезесінен үш метрге дейін ұшып кеттім. Айналамның барлығы қызыл қаннан басқа ештеңе көрінбейді. Менен басқа да көлікте адамдар болды. Бірақ көбісі қаза болды.

Оқиға куәгері:

Айтып жеткізу мүмкін емес. Әп-сәтте айналамның барлығы астан-кестен болды. Қатты соққы алдым. Жан-жағымда не болғаны толық есімде жоқ.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілгендердің 20-сының жағдайы ауыр.

Мехмет Мезиноғлы, Түркияның Денсаулық сақтау министрі :

Жарылыс кезінде қаза болған 30 адамның екеуі, өзін- өзі жарып жіберген жанкештілер. Дәл қазіргі уақытта 70 адам қаладағы ауруханаларда жатыр. Кеше түнде 4 адам ауруханада көз жұмды.

Оқиға орнына зерттеу жұмыстарын жүргізген мамандар, бір жанкештінің аты-жөнін анықтап, оның қандай ұйыммен байланыста болғанын тексеріп жатқандарын айтқан.

Эфкан Ала, Түркияның Ішкі істер министрі: 

Қанды қылмысқа қатысты тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жарылған көлікті толық тексеріп, мән-жайды анықтайтын боламыз. Әзірге бар ақпаратты айтатын болсақ, жанкештілер бір қыз бен ер азамат. Қалған ресми мәлімдемелерді де жақын күндері жариялайтын боламыз.

Қайталанған қанды оқиғадан соң премьер-министр түнде шұғыл қауіпсіздік кеңесін өткізді. Қазір Түркияның құзырлы органдары қауіпсіздік шараларын күшейтті. Ыстамбұл мен Ескішехир қаласында 15-ке жуық адам тұтқындалған. Олар Түркиядағы террорлық ұйым ретінде мойындалған Күрдістан жұмысшы партиясының жақтастары.

 Самат СҮЛЕЙ