$497.89 €525.12 ₽5
×

Елдегі әр адам бір айда 10 келі ет жейді

02.10.2024ж. 20:00
247
Елдегі әр адам бір айда 10 келі ет жейді

Елдегі әр адам бір айда 6 келі сиыр еті, 2 келі жылқы мен бір келі қой етін жейді. Түске емес, тісімізге кірсін деген тұрғындар қалтасындағы соңғы тиынын сатушыға санап береді. Қып-қызыл ақшаға сатып алғаныңыз сау малдың еті болса жақсы. Құжаты жоқ, сапасызы толып жатыр. Өйткені, базарда бақылау аз. Рұқсат қағазсыз-ақ сатып жатқандар жетеді. Ал тойып ет жемесе, көңілі тыншымайтын жұрт амал жоқ алып жатыр. Толығырақ Аружан Задабек айтсын.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Баға құбылып тұр. Осылай деп жүргенімізге қанша болды? Нарық бір орында тұрмайды. Қыс келсе жеміс-жидек бағасы шарықтайды.
Ал жер көгеріп, көктем келгенде арзан көкөніс таппай қиналамыз.
Жайма шуақ жазбен бірге қымбат сусындардың да дәуірі келеді.
Күзде соғымның қамын жасаймыз. Сәйкесінше ет бағасы қымбаттайды.

Бір жылда 3,8% өскен. Сауда орындарында жылқы етінің бір келісі 3,5 мың теңге, қой мен сиыр еті 2900-ден сатылып жатыр. Шошқа етін 2300-ге, тауықты 1500-ға алуға болады.

Еттің ең қымбаты Атыруда. Онда баға 13,7 процентке шарықтаған. Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды мен Ақтөбеде де арзан емес. Шымкентте аса өзгеріс жоқ. Ал, Алматы облысында, керісінше, арзандапты.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

 – Ет алдыңыз ба? – Ет қалай аласың? Қазір кг 3000-4000 теңге. Мынандай аласың. Ол не болады? Алғаннан кейін 15-20 кг алу керек болады.
 – 20-25 мыңға алады. – Ол қанша уақытқа жетеді? – 1 аптаға жетеді. Бір айда 100 мыңға ет аламыз.
 - Негізі қымбат қой. Үйдің қасында магазиндер бар ғой. 4-4,5 мыңнан сатады. Жәрмеңке деген уақытша нәрсе ғой. 1-2 жеті болады, бітті. Ал қыс бойы қарапайым халыққа ауыр ғой енді.

Бағаны бағамдайын деп астаналықтар көп баратын базарға бет бұрдық. Жеміс-жидек пен көкөніс сататын жерде ғана келуші көп. Ал ет сататын павильонда, керісінше, тұтынушы сиреп қалған. Сатушылар бұған қымбатшылық себеп – дейді.

САТУШЫ:

Жақсы болатын кезең болмай қалды ғой. Таппай жатырмыз ғой. Соңғы кездері вообще болмайды сауда.

Сатушы сауда жоқ дейді. Тұрғындар ет алатын жағдайдың болмай тұрғанын айтады. Сонда өнімнің бәрін кім жеп жүр?

Елдегі әр адам орта есеппен 6 келі сиыр еті, 2 келі жылқы еті мен бір келі қой етін жейді екен. Шошқа, тауық, тартылған ет пен ысталған шұжықтан да дәм татады.

Етті ең көп жеген Жамбылдықтар. Маңғыстау мен Атырау облысының тұрғындары да қалысар емес. Ал, ең төменгі көрсеткіш қонақ көп күтеді дейтін Шымкентте.

Енді Қазақстан ет өнімдерін Таиландқа экспорттамақ. Осы арқылы сауда көлемін ұлғайту көзделген.

ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРЛІГІ:

Қазақстан үшін басым бағыттардың бірі - мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту. KazBeef Processing және Merke et combinaty сияқты өндірушілерді қоса алғанда, Таиландқа ет және ет өнімдерін экспорттауға сертификат беру және рұқсат алу үшін кәсіпорындардың тізімі тай тарапына жіберілді.

Министрлік енді еттің сапасына мән берсе игі. Өйткені, тапқан-таянғаныңызға сатып алған өнім басқаны айтпағанда, санитарлық талапқа сай болмай шығады. Малдың індет жұқтырмағанына кепіл жоқ. Сатушылар құжатсыз сауда жасап отыр. Оған өзіміз куә болдық.

Базардан алған еттен күмәндансаңыз, шағымдануға болады. Иісінен бұзылған ет екенін аңғарсаңыз, сегіз сағат ішінде базардың зертханасына келіп, кері тексеруді сұрайсыз. Ол жерде сатушының құжаттары мен еттері қайта сарапталады. Егер бұзылғаны расталса, ақшаңызды қайтарып береді.