$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Мәһр сұрау қазақтың салтында жоқ – Нұрлан имам

AstanaTV
03.10.2024ж. 19:06
349
Мәһр сұрау қазақтың салтында жоқ – Нұрлан имам

"Ырыскелді қажы" атындағы мешіттің бас имамы, теолог Нұрлан Байжігітұлы “Сырласу” бағдарламасында көпшілік арасында жиі талқыға түсетін мәһрдің шариғатта бар дүние болғанымен, қазақтың салт-дәстүріне жат нәрсе екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Мәһр – шариғатта, дінімізде бар дүние, қыздың ақысы. Бірақ біздің дана, дара халқымыз оны қызға қалыңмалмен, ата күші, ана сүтімен берген. Қыз жақ оны баланың киіміне, дүние-жиһазына жұмсаған. Сол мәһр болады. Егер, Құдай сақтасын, ажырасып жатқан жағдайда қыз артынан келген бүкіл дүниені ешқашан тастап кетпей, өзімен бірге алып кетеді. Демек ол – мәһр”, – дейді Нұрлан Байжігітұлы.

Имам мәһр қазақтың салтында жоқ дүние екенін айтқан соң оған жат ағым өкілдері шүйліккен.

“Теріс ағымдағы деп айта берейін, 1-2 қарындас маған қатты шүйлікті. “Неге бұлай айтасыз? Құдайдың әмірін бұзып тұрсыз” деп арабша мәселелерді алып келді. “Мәһр” не үшін беріледі?” деп сұрап едім “Ажырасып кетсек, бұл біздің 2-3 айлық тамағымыз болады” деп жауап берді. Өздері тұрмыс құрмаған екен. Содан “Бірінші, тұрмыс құрып ал. Сосын жақсы ниетте бол” дедім. “Ажырассам” деген не сөз? Адамның жүрегі дүниеге байланбау керек. Қазақтың құндылығы, қыз баланың өмірі, бағы түкке тұрмайтын дүниемен өлшенбейді”, – дейді дінтанушы.

Нұрлан имам мәһрді қазақ қоғамына шетелден араб дүниесін оқып келген азаматтардың алып келгенін айтты. Имам олар шариғатта бар дүние екенін білгенімен, қазақтың ұлттық қағидасынан бейхабар дейді.

“Қазақтың өзінің ілімін оқымады, ақсақалдардың мектебінен, аналардың батасынан, қолынан өтпеді. Сол себепті “Мәһр беру керек, оның құны осынша” деп жиі айтып кетті. Бұған алданып жүрген жастарымыз бар. Біліңіздер, біздің салтымыз, дәстүріміз түгелдей шариғаттың талаптарын жапқан”, – дейді Нұрлан Байжігітұлы.

Сондай-ақ дінтанушы мәһрге биткоин сұраған қалыңдықтың некесін өзім қидым дейді.

“Негізі олар бұрын үйленіп қойғандар. Сол кезде жанында бала-шағасы отырды. Биткоинды келіншек қызық болсын деп сұрады. Бұл қалжың үшін жасалған еді. Бірақ не десе де, ерлі-зайыпты мұны өздері шешеді”, – дейді ол.