$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Әділдікке сусап отырған халықтың талап-тілегі орындалып жатыр», - Президент

03.10.2024ж. 20:00
430
«Әділдікке сусап отырған халықтың талап-тілегі орындалып жатыр», - Президент

«Депутаттар халықпен тығыз байланыс орнатуы тиіс». Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының екінші республикалық форумында осылай деді. Мойындау керек арамызда тұрғындармен қарыс-қатынасы мықты маман аз. Кемшілік жетіп жатыр. Мәслихат депутаттарының көбі ауызбен орақ орғанмен, іске келгенде аққу, шортан һәм шаян. Жаттанды сөзін сайрап айтты дегенің болмаса жиынның бәрі формальді түрде өтеді. Президент осындай қызметкерлерге шынайы жұмысқа кірісуді тапсырып, ашық диалог орнататын кез келгенін айтты. Алғаш рет еліміздегі алты бірдей саяси партияның өкілдері жиналған жиыннан әріптесім Аружан Задабек тарқатады. 

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Бүгін республиканың түкпір-түкпірінен «AMANAT» партиясының барлық деңгейдегі 2 мыңнан астам мәслихат депутаттары Елордада өтіп жатқан форумда бас қосты. Бұл шара республика бойынша екінші рет өткізіліп отыр. Бұл жолғының бәсі бөлек. Өйткені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қатысып, сөз сөйледі. Форум барысында қатысушылар Президенттің реформаларын талқылап, өз ой-ұсыныстарымен бөлісті.

Елімізде 3300-ден аса мәслихат депутаты бар. Соның 70 проценті дәл осы алаңға жиналды. Ауқымды реформаның нәтижесінде мәслихатқа жаңа мамандар келген еді. Алты саяси партияның өкілдері мантатқа ие болды. Қазір мәслихат мүшелерінің оннан бірі ғана – партиялық тізіммен келген. Қалғаны түгел бір мандатты округтен сайланды. Ал 434 депутат өзін-өзі ұсынған. Өкілді билікте әйелдердің қатары көбейе түсті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мәслихат депутаттарының біліктілік деңгейін жоспарлы түрде арттыру қажет. Мәслихаттар – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі негізгі институт. Сондықтан оның тиімділігі депутаттардың кәсібилігіне тікелей байланысты. Біліміне білігі сай депутаттар корпусын жасақтауға, ең алдымен, оларды ұсынған партиялар мүдделі болуы керек. Бүгін мәслихат депутаттарының біліктілігін жетілдіру туралы ұсыныс айтылды. Мәслихат депутаттары қызметінің тиімділігін арттыру үшін бұл бағытқа ерекше назар аудару қажет.

Бұл тұста мәслихаттың жергілікті экономикалық саясатқа ықпалын арттыру қажет. Қазір жаңа Бюджет және Салық кодексі әзірленіп жатыр. Оның жобасын талқылауға мәслихат депутаттарының қатысқаны жөн деді Президент. Өйткені жергілікті бюджет қаржысының дұрыс әрі тиімді бөлінуі маңызды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мәслихаттар бюджет саясатын, түрлі төлемдердің шекті мөлшерін, елді мекендерді абаттандыру жайын, басқа да мәселелерді ұдайы бақылауда ұстауы қажет. Қазір республикалық бюджеттің кіріс бөлігі толық орындалмай жатыр. Мен Жолдауда Үкімет пен Ұлттық банкке осыған қатысты нақты шаралар қабылдауды тапсырдым. Себебі, бұл – жалпыұлттық міндет.

Президент Жолдауда Үкіметке «Қарызсыз қоғам», «Ауыл аманаты» секілді партиялық жобалардың ауқымын кеңейді тапсырған еді. Өйткені Мемлекет адал еңбегімен тұрмысын жақсартуға дайын жандарға әрқашан қолдау көрсетеді. Бұл «Адал еңбек – Адал табыс» қағидасына сай. Сондықтан келесі жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

«Әділетті Қазақстанды құру – елдегі ауқымды реформалардың темірқазығы. Біз осы жолдан таймаймыз. Оң өзгерістер қоғамның үмітін оятты. Халқымыз Президенттің төңірегіне топтасып отыр. Азаматтарымыз таңдаған жолымыздың дұрыстығына көз жеткізіп, өткен конституциялық референдумда, Президент сайлауында толық сенім білдірді. Осы уақыт ішінде біз ұлт мүддесіне, ел тағдырына келгенде біріге алатынымызды талай мәрте дәлелдедік.

Рас. Бекем бірліктің үлгісін көрсетіп келеміз. Алысқа бармай-ақ көктемдегі су тасқынын еске түсірейік. "Amanat" партиясы бөгеттер салып, азаматтарды эвакуациялады. Гуманитарлық көмек жинап, елге таратты. "Ауыл" да қарап жатпады. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру үшін студенттердің құрылыс жасақтары жедел құрылды. "Ақжолдықтар" екі жүзден астам арнайы техника жеткізді. Respublica, ЖСДП және Қазақстан халық партиясының белсенділері де шет қалмай, зардап шеккен азаматтарға алғашқылардың бірі болып қолдау көрсетті.

СЫРЫМБЕК СӘРСЕМБАЕВ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Құлсары қаласы үшін өзекті, ең басты мәселе, тез арада заман талаптарына сай кәріздік лас суды тазарту қондырғылары мен ауыз суды тазарту қондырғыларын салу керек. Бұл қала тұрғындарының сапалы ауыз су пайдалануына және экологиялық ахуалдың жақсаруына әкелер еді.

"Көп түкірсе, көл" демекші, аз уақыттың ішінде 2,5 мыңнан аса жаңа үй салынды. Жоспарланған 2680 баспананың 2620-сы пайдалануға берілді.

ЖИГУЛИ ДАЙРАБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «АУЫЛ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Мемлекет басшысы айтқандай, Мемлекеттің жақсы, тұрақты өмір сүруіне әрбір Қазақстандық жауапты.

Елдегі реформаның арқасында әкімдер институты өзгерді. Ауыл әкімін тікелей сайлау тәсіліне біржола көштік. Аз уақыттың ішінде ауыл басшыларының 90 проценті жаңарды. Жұмысты одан әрі жетілдіру үшін мәслихат депутаттары мен әкімдер бірлесе жұмыс істеуі тиіс. Өйткені олар мемлекеттің жергілікті жердегі қос тіреуі.

НҰРТАЙ САБИЛЬЯНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Елімізде реформалар жүзеге асып жатыр. Көқптеген жұмыс істелініп жатыр. Атап айтатын болсақ, мысалы, ауыл әкімдерін сайлау туралы реформа толық жүзеге асырылды. Одан кейін аудан әкімдерін сайлау басталды. Ендігі жылдан бастап маңызы бар қалалар мен аудан әкімдерін сайлау толық қолға алынады.

Мәслихат депутаттары – айрықша сенім мандатының иесі. Тұрғындар бүкіл проблеманы осы азаматтарға айтады. Мәселесін шешуге көмектеседі деп үміт артады. Президент осы жауапкершілікті терең сезініп, халыққа адал қызмет ету керегін айтты.

АЗАТ ПЕРУАШЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «АҚ ЖОЛ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Осы форумның нәтижесінде жергілікті мәслихаттарға және жергілікті әкімдер арасындағы олардың жұмыстарына жаңа бір серпін беретін баяндама болды деп санаймын.

Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекет саясатының басым бағыты.Соңғы кездері балалар өліміне қатысты ақпарат көп тарады. Қабырғамыз қайысып, жанымызға батты. Заманауи технологиялар дамуға даңғыл жол салғанымен, кері әсерін де тигізбей қоймады. Мемлекет басшысы танымал әлеуметтік желілер бүлдіршіндерді ғана емес, үлкендерді де зомбиге айналдыруы мүмкін, - дейді. Сондықтан құзырлыларға істі дереу қолға алуды тапсырды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Балалар мен жасөспірімдер арасында ел ішіндегі шынайы қаһармандарды насихаттауымыз қажет. Мысалы, жақында өткен Дүниежүзілік олимпиададағы шахматшы қыздарымыздың жарқын жеңісі үлгі етуге тұрарлық. Біздің оқушылар математикадан, физикадан және басқа да пәндерден өткен олимпиадаларда жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүр. Осындай талантты балаларды қолдап, олардың ұстаздарын ынталандыру керек.

Тәуелсіздік алғалы бері еш ескерілмей тасада қалған ұлттың төл өнерін төрге шығаратын уақыт келді. Қорқыт атамыздың қолынан түспеген қобыз, Сүйінбай сөзімен абырой-намысымызды асқақтатқан айтыс, күй атасы Құрманғазы мен Тәттімбет, Маңғыстаудан Сыр бойына дейін жыр төккен сүлейлер мен қайқылар, әлемді әнімен мойындатқан Әмірелердің мұрасы бүгінгі күні өздеріне лайық тұғырға орналаса алмай келеді. Осылай деген Ринат Зайытов дәстүрлі ұлттық театр ашуды ұсынды.

РИНАТ ЗАЙЫТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Ұлттық дәстүр мен өнердің ордасына айналатын оңаша шаңырақ қажет. Мәселен, Қытайдағы дәстүрлі Пекин орталығы, Италиядағы Ла-скала, Қырғыз ағайынның дәстүрлі Манас орталығы өз ұлтының төл өнері мен дәстүрін сақтап, дамытып отыр. Бізге де осындай республикалық деңгейдегі ұлтымыздың ән, күй, жыр, айтыс-термесін әлемге танытатын бір дәстүрлі ұлттық театр ауадай қажет.

Бірнеше күннен кейін өтетін жалпыұлттық референдумда халық Қазақстанда атом электр станциясын салу қажет пе, әлде қажет емес пе деген мәселені шешеді. Дауыс беру нәтижесі қандай болса да, бұл – айтулы оқиға. Алдағы референдум – Қазақстанда соңғы бес жылда болған өзгерістердің тағы бір мысалы. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын көрінісі.