$482.86 €533.17 ₽5.08
×

"Біздің ауданда шешілмей жатқан халықтың мәселесі көп", - депутат

03.10.2024ж. 20:00
170
"Біздің ауданда шешілмей жатқан халықтың мәселесі көп", - депутат

Енді аудандық мәслихат депуттары іс-сапарға шыққаны үшін ақша төленеді. Халық қалаулыларының панельдік сессиясында Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров осылай деді. 

Өңірдің мұң-мұқтажын мәслихат депутаттары жақсы біледі, түсінеді. Аймақтан келген депутаттар жергілікті жердің мәселесін шешуге мұрындық болуда. Күрмеуі қиын дегендерін тиісті министрлерден тікелей сұрады. Бұл өңірлерде қордаланып қалған біраз мәселенің шешілуіне ықпал етеді.

Қойылған сауалдарға министрлер жауап берді. Кейбір шешімі табылмаған мәселелерді қойын дәптеріне түртіп алды. Алдағы уақытта олқылықтың орнын толтыру үшін жұмыс істейтіндерін айтты.

ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ҚР ЦИФРЛЫҚ ДАМУ, ИННОВАЦИЯЛАР ЖӘНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКӘСІБІ МИНИСТРІ:

Мобильдік операторлармен байланыс операторларымен бағдарлама бар. 3G -ден 4G-ге көшу бағдарламасы бар. Сіздің облысыңыз қай кезеңде тұрғанын анықтап біз хабарын береміз.

Су тапшылығы, жолдың сапасы, экологиялық ахуал, ауыл шаруашылығын дамыту секілді аймақ үшін маңызды, өңір үшін өзекті дегендер тасада қалмады. Үкімет пен құзырлылардан күтеріміз мол, айтарымыз да жеткілікті дейді келген делегаттар.

БАҒЛАН МҰСАБЕКОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ САУРАН АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Бізде жалпы ауданда шешілмей жатқан халықтың, елдің мәселесі көп. Республикалық "AMANAT" партиясы жағдай жасап отыр осы елдің мәселесін үкіметке жеткізуге. Бізде ауыз су, газ, свет, су бар солардың барлығын министрлерге депутаттық сауал ретінде аудан атынан әкеліп отырмыз. Осы елдің аманатын министрлерге біртіндеп өткізіп, жеткізбекшіміз.

Форум - депутаттар арасында өзара қарым-қатынасты күшейтіп, біліктілік пен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді дейді мәжілісмендер.

ЖАРҚЫНБЕК АМАНТАЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Маслихат депутаттарының арасынан министрлерге былтыр көтерілген сұрақтарға биылға дейін шешімін таппағанына, былтыр дәл осы жерде көтерген едік. Бірақ сіздерден тұшымды жауап ала алмадық, нәтиже көрмедік деген сұрақтардың өзінің қойылып жатқанын көріп отырмыз. Бұл шынымен арадағы комуникацияның оңтайланғанын және осы алаң соған тікелей мүмкіндік екенін көрсетіп отыр.

Жиынға 270-ке тарта депутат қатысты. Олардың көтерген мәселелері әртүрлі болғанмен, мақсаттары ортақ. Жергілікті тұрғындардың үмітін ақтау, проблеманың шешілуіне себепкер болу.