$494.87 €520.65 ₽4.91
×

«Заң алдында бәрі бірдей, тең құқылы», - Президент

04.10.2024ж. 20:00
223
«Заң алдында бәрі бірдей, тең құқылы», - Президент

Заң мен Тәртіп – әділетті қоғамның негізгі өлшемі. Бұл – заң алдында бәрі бірдей, тең құқылы деген сөз. Мемлекет басшысы Судьялардың тоғызыншы съезінде осылай деді. Шараға еліміздің барлық аймағынан келген судьялар, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ шетелдік сарапшылар қатысты. Толығырақ тілші материалында.

Елімізде Конституциялық сот құрылды. Сот жүйесінің институционалдық дербестігі нығайды. Сала бюджетін басқару құзыреті Сот әкімшілігіне берілді. Күштік құрылымдар судьяларға қысым көрсетпеуі үшін тиісті шаралар қабылданды. Кадрларды іріктеу жүйесі жаңартылды. Бірінші сатыдағы сот төрағасы қазылар қауымының ұсынысымен тағайындалатын болды. Мұның бәрі экономиканы өркендетуге және еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсартуға жол ашады, - дейді Президент.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жоғарғы Соттың судьялары Конституцияда көрсетілген жаңа тәртіп бойынша сайланатын болды, яғни, оларды Сенат баламалы негізде таңдайды. Алқа билер тәжірибесі кеңінен қолданыла бастады. Қазір оларды іріктеу жұмысы цифрлық жүйеге толық көшкен. Сондай-ақ Әкімшілік әділет қызметі пайда болды. Бұл құрылым жеке адамдардың және кәсіпкерлердің құқығын тиімді қорғауға мүмкіндік береді. Бүгінде сот істерінің жартысынан астамы азаматтар мен бизнестің пайдасына шешіліп жатыр. Бұл – жақсы үрдіс.

Мемлекет басшысы биыл шілдеде қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша жеке-жеке кассациялық сот құруды қарастыратын заңға қол қойды. Олар өз қызметіне келесі жылдың 1 шілдесінен бастап кіріседі. Қазір оған қажетті дайындық жұмыстарын жүріп жатыр.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Кассациялық соттардың дербестігі азаматтарымыздың сот төрелігіне қол жеткізуіне мол мүмкіндік беріп, инвестиция тартуға, бизнес жүргізуге оңтайлы жағдай жасайды. Ең бастысы, бұл әділдік қағидаттарын және құқық үстемдігін толық жүзеге асыруға ықпал етеді. Сонымен қатар бұл қадам Жоғарғы Соттың жүктемесін азайтады.

Ендігі міндет - саланы цифрландыру. Бұл тұрғындардың сот процесіне қатысуын айтарлықтай жеңілдетті. Сот қызметінің барынша ашық болуына сеп болды. Қазір елде арнайы ақпараттық жүйе бар. Судьялар сол арқылы басқа соттардың шешімдерімен таныса алады. Бұл – әділ сот актілерін қабылдауға мүмкіндік беретін ұтымды тәсіл.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Соның арқасында ортақ мәлімет қоры қалыптасады. Бұл деректер сот процесіне қатысатын тараптың бәріне қолжетімді болуы керек. Сол кезде әркім өзіне қатысты істің нәтижесін бағамдай алады. Бұл бастама сотта қаралатын дау-дамайды азайтады. Жұрт та босқа арызданып, шағымдана бермейді. Жалпы, сот ісін жеңілдету – маңызды міндет. Ол үшін озық технология мен жасанды интеллектіні кеңінен пайдаланған жөн.

Биыл сот отырыстары алғаш рет онлайн көрсетіле бастады. Мұндай қадам жұрттың сот жүйесіне сенімін нығайта түсті деуге болады. Бұл –бұрын-соңды болмаған жаңашылдық.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Барлық сот отырысында осындай жоғары стандарт болуы керек. Сотты онлайн өткізудің тағы бір ұтымды тұсы бар. Азаматтардың құқықтық сана-сезімі өзгеріп келеді. Заңгер мамандығына деген қызығушылық артты. Жастар заң саласындағы мамандарды үлгі тұта бастады. Мұның бәрі қоғамда кәсіби маман болу құндылығын дәріптеуге мүмкіндік береді. Жалпы, сотты онлайн өткізу жұрттың құқықтық мәдениетін көтеруге оң әсер етуде.

Қасым-Жомарт Тоқаев сот мамандарын іріктеу және құзыретін күшейтуге баса мән беру қажет екенін айтты. Өйткені Жоғары сот кеңесі дербес әрі кәсіби судьялар корпусын қалыптастырудың кепілі болуға тиіс.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Судьялар адалдықтың, дербестіктің және әділдіктің жарқын үлгісі болуы керек. Сондықтан судьялардың этикалық нормаларды сақтауы ерекше маңызды. Жаңа өзгерістерге сай енді сот ісін қарау кезіндегі барлық өрескел қателікті қазылар қауымы тексереді. Бұл – соттардың тәртіптік жауапкершілігін күшейтуге бағытталған жаңа тәсіл.

Сөз соңында Мемлекет басшысы судьялардың жаңа Әдеп кодексін қабылдауды қолдады. Жиында Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев, Сот төрелігінің тиімділігі жөніндегі Еуропалық комиссияның президенті мен Халықаралық сот әкімшілігі қауымдастығының президенті сөз сөйледі.