Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Зиялы қауым науқаншылыққа салынбауға шақырды

AstanaTV
20.04.2017ж. 20:00
2860
Зиялы қауым науқаншылыққа салынбауға шақырды

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көтерілген мәселелерді жүзеге асыруда науқаншылыққа салынбау керек. «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» республикалық кеңесіне қатысқан профессор Мырзатай Жолдасбеков осындай ойымен бөлісті.

Ал мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахманов латын әліпбиіне көшкенде өзге елдердің тәжірибесін зерделеп, қателіктерін қайталамауға шақырды. Көрші Өзбекстанды мысалға келтірді. Халық қалаулысы ала шапанды ағайындардың латын қарпіне көшуді осыдан 24 жыл бұрын бастаса да, әлі де толық ауыса алмай отырғандарын айтты. Осы орайда «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» республикалық кеңесі зиялы қауым мен мемлекеттік емес ұйымдардың пікіріне ден қойып отыр.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясының партиялық кураторы:

Елбасы мақаласында көтерген үлкен мақсаттарға жетуде зиялы қауымның рөлі қандай болу керек? Саяси партиялар рөлі, мемлекеттік емес ұйымдар не істеу керек? Үкіметпен қалай жұмыс істеу керек? Бірігіп қана, бүкіл қоғам болып, мемлекет болып жұмыс істегенде ғана, осы рухани жаңғыруға қол жеткізе аламыз.

Мырзатай Жолдасбеков, мемлекет және қоғам қайраткері, профессор:

Менің жоғарыдағы отырған інілерімнен де, Алладан да тілейтінім, бізде жаман әдет бар - науқаншылыққа айналдырып жібереміз. Науқанға айналдырмау керек, бауырларым. Бұл үлкен перспективалы алдағы асықпай иін қандырып істейтін, жүзеге асыратын мәселелер деп ойлаймын.

Айгүл ӘДЕПБАЙ