Елімізде енді нарықтық сұранысқа сай кәсіби мамандар әзірленбек. Бүгін осыған орай Астанада Үкімет пен «Дүниежүзі даму банкінің» бірлестігімен 2014 жылы құрылған «Ұлттық біліктілік жүйесін құру» жобасы ресми іске қосылды. Бұл жұмыссыздықпен күресуге, әрі өндіріс кешенінде бос қалатын орындарды толық толтыруға мүмкіндік беруі тиіс. «Ұлттық біліктілік жүйесін құру» бағдарламасы 2020-шы жылға дейін арналған. Оған 25 млрд. теңге қаражат бөлінбек. Оның 70 пайызы «Дүниежүзі даму банкінен» 19 жылға 0,025 пайызбен несиеге алынып отыр. Мамандарды дайындауға 64 колледж таңдалған. Сөйтіп, олар 4 жыл ішінде 550 стандартпен 8 мың мамандық бойынша 20 мыңға жуық арнайы кәсіп иесін дайындап шығуы міндет.
Біржан Нұрымбетов, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі
Бүгінде елімізде әр айдың соңында 15, 17, 20 мыңға жуық ашық ваканциялар қалып қойып жатыр. Ол дегеніміз жұмыс орындары бос бар, бірақ оған баратын мамандар жоқ. Бұған білім беру мен өндіріс сұранысы арасындағы байланыстың төмендігі себеп. Біз дайындайтын мамандар бір бөлек, ал жұмыс берушіге қажетті мамандар бір бөлек.
Құралай ПИОНЕР