Ел үшін елеулі саяси науқанға жұрт бір кісідей атсалысты. Оның маңыздылығын сезінген азаматтар дауыс беру учаскілеріне ағылып, өз таңдауын жасады. Осы тұста Экзит-пол жұмысын атап өткен жөн. Бұл әдіс арқылы өкілетті органның дауыстарды ресми есептеуіне дейін алдын ала қорытынды жасауға мүмкіндік бар. Экзит-пол зерттеуі қалай жүргізілді? Мөлдір Жақан айтып береді.
Қазақстанда Экзит-пол алғаш рет 1999 жылы президент сайлауы кезінде өткізілді. Содан бері бұл жүйе жылдан жылға жетіліп, елімізде тұрақты түрде өтетін болған. Оны қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар жүргізуге құқылы. Қоғамдық саясат институты бұл іс-шараны «Астана» телеарнасының тапсырысымен 3-ші жыл өткізіп отыр.
АЛМАГҮЛ МУСИНА, ҚОҒАМДЫҚ САЯСАТ ИНСТИТУТЫ ӘЛЕУМЕТТАНУЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
Кез келген орталық өзінің әдіснамасын ерекше етіп жүзеге асырады ғой. Біздің жағдайда бұл сауалнаманы жүргізу технологиясы мен техникасы, қандай инструменттердің қолданылуы, сонымен қатар іріктемені жасау ерекшелігі. Бір мезетте 12 млн-нан астам дауыс берушіні сұрау мүмкін емес. Сондықтан біз әлеуметтанушылар ретінде оның микро үлгісін жасаймыз.
Экзит-пол сауалнамасы ел аумағындағы 300-ден астам учаскіде жүргізілді. Учаскелер белгілі бір тәртіпке сәйкес іріктелген. Ірі қалалардан бөлек шағын елдімекендер де қамтылған.
СЕРІК АХМЕТЖАНОВ, ҚОҒАМДЫҚ САЯСАТ ИНСТИТУТЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Біз көпдеңгейлі сұрыптауды жүргіздік. Қазақстанның барлық аймақтарын қамтыдық. Бұл өте маңызды. Барлық пропорциялар ескерілді, арнайы математикалық методологияны қолдандық. Сондықтан небәрі 300 учаске таңдап алғанымызбен, шынайы нәтижеге қол жеткіземіз деп ойлаймыз.
АЭС салуға қатысты жалпыхалықтық референдум кезінде өңірлерде Қоғамдық саясат институтының 600 – ден астам интервьюері сауалнама жүргізді. Әрқайсысы арнайы дайындықтан өткен. Олар дауыс беру туралы жедел ақпарат беруге міндетті. Қажетті мәліметтер QSI қосымшасы арқылы жинақталып, өңделеді.
АЛДИЯР АСЫЛБЕКОВ, ҚОҒАМДЫҚ САЯСАТ ИНСТИТУТЫНЫҢ ИНТЕРВЬЮЕРІ:
7-ден 10-ға дейін толығымен ақпаратты жинап шығамыз және де осы уақыт аралығында сағат таңғы 10-да бірінші замер бітеді, сол ақпаратты QSI арқылы жібереміз біздің кураторларға. Бұл бірінші замер.
Интервьюерлер дауыс берушілерден олардың қандай таңдау жасағанын ғана сұрайды. Сауалнама ерікті түрде жүргізіледі. Ал дауыс берушілерден алынған мәліметтер жария етілмейді.
АЯЖАН БОРАНБАЕВА, ҚОҒАМДЫҚ САЯСАТ ИНСТИТУТЫНЫҢ ИНТЕРВЬЮЕРІ:
Көбісі позитивті, белсенді көңіл-күйде келіп жатыр. Және бізбен оңай контактіге түсіп жатыр. Бұл біздің жұмысымыздың жүруіне септігін тигізеді.
САБИНА ЩЕГЕЛОВА, ҚОҒАМДЫҚ САЯСАТ ИНСТИТУТЫНЫҢ ИНТЕРВЬЮЕРІ:
Өз таңдауын жасауға келген қала тұрғындарының қарасы қалың болып жатыр. Халықтың белсенділігі өте жақсы деп айтуға болады. Таңнан келген тұрғындар өздерімен бірге балаларын, қарт кісілер тіпті немерелеріне дейін алып келіп жатыр.
Экзит-пул өткізу үшін түрлі мамандар бас қосып, бірегей әдістемелерді пайдалануға тырысады. «Сондықтан, әдетте, Экзит-пол қорытындысы мен ресми нәтижелер арасында айтарлықтай айырмашылық болмайды»,- дейді сарапшылар.