Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Бөгеттер мен дамбалар коррупциясыз тазалануы керек. Су басу себептері.

AstanaTV
22.04.2017ж. 20:00
2739
Бөгеттер мен дамбалар коррупциясыз тазалануы керек. Су басу себептері.

Су басуға орай айтылып жатқан пікірлерді тыңдасақ, «Қазгидрометтің» болжамдары дұрыс емес» дегеннен бастап, климаттық өзгерістер мен табиғаттың мінезіне сілтейтін комментарийлер бар. Мәселе былай сияқты – болжау жасау үшін алдымен үлкен ғылыми жұмыстар жүргізілуі керек. Оған қаржы өте аз бөлінеді. Қыл аяғы, оқу орындарына «Қазгидромет» мәліметтерін бермейді, сатады.

Сәкен Даулетқалиев, география ғылымдарының докторы, профессор:

Үлкен ғылыми жұмыстар жүргізу керек – алдын-ала білу үшін. Ұзақ мерзімді болжамдарға түк көңіл бөлмейді. Ғылыми тақырыптарға материалдар керек. Бірақ ол материалдарды алу өте қиын. Гидрометслужба ол материалдарды бізге тегін бермейді. Сатып алуға қаржы керек. Соңғы кезде су мәселесі маңызды болғандықтан, мәліметтерді алуға мүмкіншілік болуы керек. Біз студенттерді оқыту үшін 1997 жылғы дейінгі мәліметтерді аламыз, басқаларын бермейді. Бізге соңғы кездегі мәліметтер керек. Мамандар даярлау үшін. 

Саят Әлімқұлов, география ғылымдарының кандидаты, ҚР География институты директорының орынбасары, гидролог:

Сатылатыны бар, бірақ Гидромет оны өзі ойлап тапты деп ойламаймын. Ол мемлекеттік мекеме. Заңды түрде сатып жатыр. Бақылау деректері сатылады. Екіншіден, мамандары әлсіз деп жатыр, сөз жоқ, әлсіз. Жалғыз Гидромет емес, қай бұрышқа барсаңыз да, 90-жылдары жоғалтып алған кадрлық әлеуеттің салқыны бар. Жалғыз Гидромет емес, экономиканың қай саласында да солай.

Сонда үкімет, мемлекеттік деңгейде мәселе шығатын жерге дейін қол астындағы қызметтер, институттар, білім ошақтарының жұмысын үйлестірмейді деген сөз ғой.

Профессор Дәулетқалиев, қар суын тиімді пайдалануға болатынын да айтты. Біздің жеріміз негізінен шөл және шөлейтті. Әрбір тамшының қадірін білетін ғана емес, тиімді пайдаланатын ел болуымыз керек. Бірақ судың ағынына қарсы тұра алмай, «ағып» кетіп отырған біз, қайдағы...

Сәкен Даулетқалиев, география ғылымдарының докторы, профессор:

 Көп судан айырып жатырмыз. Мына қардың суын бір жерге жинап, пайдалануға болады. Жаздыгүні. Су қоймаларының кейбірі жекеменшікте. Олар дұрыстап қарамайды. Сондықтан, Совет одағы кезінде әрбір облыста, әрбір ауданда облводхоз деген болатын, қазір облыстарда бар, аудандарда жоқ, жақсылап бақылау жасау керек. Қардың қорын есептейтін пункттер азайды. Соларды көбейту керек. Содан кейін су басатын аймақты білу, тасқынға қарсы шараларды қолдану керек.

Саят Әлімқұлов, география ғылымдарының кандидаты, ҚР География институты директорының орынбасары, гидролог:

Бізде су тасқыны ғана емес, тапшылығы да жоғарылып кетті. Көктемде тасиды, қатты тасиды. Ал жаздың соңы, күзде су болмайды. Яғни барлық гидрологиялық қауіп-қатерлер зерттелуі керек. Қазіргі климаттық жағдайға сәйкес. Кейде климаттық емес, шаруашылық әрекеттерге де байланысты. Қазір жалпы шаруашылықтар туралы – қалай, қай жерде не дамып отыр, толық мағлұмат аздау. Ал суды пайдалану барысында әрбір шаруашылық әрекетті зерттеу керек.

Апта басында Парламент Мәжілісінде өткен үкімет сағатында төтенше жағдайлар қызметі қарайтын Ішкі істер министрі Қ. Қасымов «Ақмола, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақтөбе облыстарында ондаған елді мекенде 1949 үйді, 120 жол бөліктерін су басып, Тағы 50 елді мекенді су басу қаупі туындап отыр» - деді. Болжамның сапасын жақсарту, тасқынға алдын-ала дайындалу. Мұны профессорлар емес, қарапайым адамдар да біледі. Тоқетері - су тасқынан қорғайтын бөгеттер мен дамбалар коррупциясыз тазаланып, кеңейтілуі керек. Адамдардың айғайына құлақтары үйренсе де, оларды жыл сайын эвакуациялау, тамақтандыру, қайта-қайта жиын өткізу, жолдар мен көпірлерді жөндеу, үй салу тағы басқаларға кететін шығын мәселені түбірімен шешуге кететін шығынның қасында қанша екенін есептеуге болмай ма? Шенеуніктер «айта, айта, Алтайды, Жамал апай қартайды» дегенімен, оны айтатын атқарушы билік емес, халық екенін білмейтін сияқты. Атқарушы билік мемлекеттің тіршілігін, экономикасын жүргізуге жалданған жұмыскерлер. Ешқандай қожайын емес...