Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

«Арай мен Люба». Бала асырап алғысы келетіндердің өзі кейбір мәселені түсінбейді.

AstanaTV
22.04.2017ж. 20:00
5359
«Арай мен Люба». Бала асырап алғысы келетіндердің өзі кейбір мәселені түсінбейді.

2015-2016 жылдары елімізде патронаттық тәрбиеге 1841 бала берілген. Алайда 399 баланы асырап алғандар қайтадан балалар үйіне әкеп тастаған. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл А.Шәкіровтің сөзінше, сонша бала екінші рет жетімдік азабын тартты. Яғни, бала асырап алу ниеті бар ата-аналарды алдын-ала дайындау мәселесі шығады. Ниет түзу де шығар, бірақ бала асырап алушылардың біразы өзі тумаған баланы бауырына салудың өте үлкен жауапкершілік екенін түйсінбейді. Заттың өзін бір күн пайдалансаң, дүкенге қайтара алмайсың. Ал бала... Бала - Адам.

Ресейлік ақпарат құралдары осы айда асырап алған 7 баланы балалар үйіне қайтарған отбасы туралы жазып, көрсетті. Олар Мәскеуге Калинградтан барған. Уәкілетті органдардың мәлімдеуінше, отбасының бар ойы қомақты жалақы, әр балаға пәтер алу болған. Себебі Мәскеу төлемдері жоғары, әрі Мәскеуден пәтер алу... Әйтсе де Мәскеу билігі оларды «бала асырап алған отбасы» деп рәсімдемей қойған. Тек әр балаға 18 мың рубльден беріліп отырған. Ал егер әлгі статусты - «бала асырап алған отбасы» мәртебесін бекітіп алғандарында, «пысық» отбасы әр бала үшін 85 мың рубльден есептелген, жалпы сомасы 525 мың рубль жалақы алушы еді...

Әрине, патронаттық тәрбиеге бала алудағы мақсат, ақша алып отыру демейміз. Бірақ ниеті сондайлар да кездеседі. Ал жалпы, қоғамдағы неше түрлі азғын, имансыз көріністерге, олардың көбейгеніне қарамай, жетімді қанатының астына алу сияқты жақсы үрдістер де қалыптасып келеді. Мәселеге Айжан Қуаш үңіліп көрді. «Арай мен Люба» деп аталатын материал. 

Арай  сурет салып отыр. «Мынау менің папам, мынау менің мамам. Мынау үй».

Бұл - арманын қағаз бетіне бейнелеп отырған алты жасар Арай. Бала жүрегі отбасын қалайды. Ол дүние есігін ашқаннан бері Шымкенттегі балалар үйінде өмір сүріп келеді. Бүлдіршіннің бір анадан туған үш бірдей әпкесі де осында. Аналары алты жыл бұрын тастап кеткен. Сіңлілеріне үлкені Ақерке қамқор болып жүр. Қыздардың бар ойы - бір-бірінен ажырамау. Ажырамастан бір отбасында тұрғылары келеді. Алайда 4 бірдей жетімекті бауырына басатын адам әзір табылған жоқ.

Ақерке Мүсірәлиева, Шымкент қаласындағы №3 балалар үйінің тәрбиеленушісі:

Мен өз сіңлілерімді жақсы көремін. Және мен оларға өз мейірімімді төккім келеді.Біз отбасылы болғымыз келеді. Менің отбасымда мамам,папам және өзімнің сіңлілерім болса деп армандаймын. Біз бәріміз бірге тұрсақ деп армандаймын.

Ал, апалы-сіңлілі Вера мен Люба екінші отбасынан бақыт таппаған. Егіздерді ағаларымен бірге патронаттық тәрбиеге алған әйел, үш айға жетпей балаларды кері қайтарған. Өгей аналарынан көрген қорлықтары аз емес сияқты.

Люба Зайцева,  Шымкент қаласындағы №3 балалар үйінің тәрбиеленушісі:

Ол жақта ұрды мені. Бұрышқа тұрғызып қойды.Содан түнде ұйықтамадым. Мамам ұйықтатқызбады. Жыладым,содан бұрышта. Осы жаққа қайтам дедім мамама, әрнәрсе айтып бердім. Содан әкеп берді бізді.Осындағы достарыңды сағындың ба? – Иә, сағындым, Арайды, Виканы, Әлиханды.

Бұл бүлдіршіндердің ата-анадан көңілдері қалған. Өмірлерін өзгертуден, ересектердің ұрыс-керісінен, тастанды болудан қорқады. Сондықтан балалар үйінен ешқайда кеткілері келмейді.

Айжан Қуаш, тілші:

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, балалар үйіндегі бүлдіршіндердің 30 пайызы отбасында тәрбиеленгенді қалайды. Оларды бауырына басқылары келетіндер де көп. Соған қарамастан, Қазақстанда асырап алынған әрбір төрт баланың біреуі кері қайтарылады екен. Ал, бұл онсыз да ата-аналарына өкпелі сәби жүрегіне үлкен соққы.

Қырмызы Қожамжарова, Шымкент қаласындағы №3 балалар үйінің директоры:

Қазір қайту көп,енді жасыратын ештеңесі жоқ. Ал, бала қайту деген, ол-бала үшін өте қиын. Ол қайтадан тастанды болады.Ол баланың үлкендерге деген сенімі жоқ болады. Одан кейін үлкендерге деген агрессия туындайды, сол жағынан ойлау керек.Мен мына баланы бүгін алып айыншық сияқты ойнап-ойнап,ертең қайтарып берсем, әрі қарайғы тағдыры не болады? Соны ойлау керек.

 Бейнедыбыстық қыстырма: «Вы будете вступать на 9 мая?-Да.»

Татьяна Соболевская Қарағандыдағы «Таңшолпан» балалар үйінің тәрбиешісі. Осындағы балалардың тағдырына бей –жай қарай алмағандықтан, екі жыл бұрын бірден 3 қызды патронаттық тәрбиеге алған. Алина - солардың бірі. Бұл бүлдіршіндер өзінің туған қызымен құрдас. Әйел, олардың ешқайсын алаламай, шын ниетімен бағып, қағатынын айтып, ағынан жарылды. Толқығаны сонша, көзіне жас алды. Ал, бала асырап алғысы келетіндерге ең алдымен өзімшілдіктен арылуға кеңес берді.

Татьяна Соболевская, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Көптеген ата-аналар балаларға бірдей қарай алмайды. Ал, ең маңыздысы - туған балаң мен асырап алған балаңды алаламау. Бірдей киім, бірдей қамқорлық керек. Ешкім де шетте қалмайтын отбасы бақытты отбасы бола алады. Ал, отбасына келіп, қамқорлыққа бөленген баланың сізге алғысы шексіз. Оларды жаныңа тартсаң, бауыр басады.

Балалар үйіндегі бүлдіршіндерді отбасы тәрбиесіне беру мәселесі ерекше маңызды. 2015 жылы республикамызда тұңғыш рет Қарағанды қаласында, кейін барлық өңірлердегі мекемелерде қабылдаушы ата-аналар мектебі құрылды. Онда заңгер, психолог, әлеуметтік педагогтар жұмыс істейді. Мамандар асырап алушыларға ақыл-кеңес береді.

Аян Кәрім, Қарағанды қаласындағы «Таңшолпан» балалар үйінің заңгері:

Құқықтық жағынан ата-анаға түсіндіреміз.Жалпы ертең баланы асырай алмай әкеп тастайтын болса, ол ата-ана мүлдем балалар үйінен бала асырап алу құқығынан айырылады.

Гүлнар Исаева, Шымкент қаласындағы №3 балалар үйінің психологы:

Бала туралы барлық мәліметті біз береміз.ертеңгі баланың денсаулығы жайлы, психикасы жайлы,қалай дамып жетіліп жатқанын, қандай мінез-құлқы жайлы. Ал бірақ ата-аналар: «біз бәрін білеміз, біз өзіміз тәрбиелеп аламыз» деген мақсатта көбінесе асығыс алып кетіп жатады. Ата-аналар келеді да балаларды өздері таңдайды. Ал заңда жазылған ғой, «бала ата-ананы таңдау керек деген».

Елімізде баланы отбасына алудың үш түрі бар. Олар - асырап алу, қамқорлық және патронат тәрбиесі. Бала асырап алған ата –анаға 75 АЕК мөлшерінде бір реттік жәрдемақы беріледі. Ал, патронат тәрбиесіндегі балаға ай сайын 10 АЕК және патронат тәрбиешіге білім деңгейіне қарай 35 пен  60 мың теңге аралығында жәрдемақы төленеді. Баланы қамқорлыққа алған отбасына да 10 АЕК мөлшерінде ақша беріледі.

Алма Қаңтарбаева, Қарағанды облыстық білім басқармасының қорғаншылық және қамқорлық бөлімінің басшысы:

Әрине, қоғамда насихаттау жұмыстары өткізіліп жатыр. Балалар үйлері туралы, балалар туралы мәліметтер.Үкімет тарапынан материалдық көмек көрсетіледі. Екіншіден, ол әрине қоғам жетімдердің проблемасына бет бұрып, сол проблемаларды шешуге көмек көрсетіп жатыр.

Жасыратыны жоқ, балалар үйіндегі балаларға назар аударатындар сол, материалдық ынталандырудың нәтижесінде көбейген. Статистикаға сәйкес, отбасына алынған бүлдіршіндердің тек 10 пайызы ғана асырап алынған. Ал, қалған 60 пайызы патронат тәрбиесі мен қамқорлыққа алынғандар. Мамандар ересектердің ақшаны ғана көздеуіне жол бермеу үшін арнайы ата-аналар орталығын ашу керек,- дейді.

Қырмызы Қожамжарова, Шымкент қаласындағы №3 балалар үйінің директоры:

Ата-ананы дайындау керек. Ол үшін мектеп керек. Ол мектепте тренингтер өткізеді.Психологтар жұмыс істейді.Ол баламен кездесу барысын сүйемелдейді. Ата-ананың қарым-қатынасын сырттай қадағалайды. Соның барлығын мектепте өткізу керек.

Қоғамдық ұйым өкілдері болса, «жетімдік азабын екінші рет тарпауы үшін балалардың қақыларын заңды түрде қорғау керек» деп отыр. Мысалы, баланы қайтарғандарға алимент төлету сияқты міндеттер жүктеп.

Марианна Гурина, қоғамдық ұйым өкілі:

Мен заңнамаға өзгерістер енгізілуі керек деп ойлаймын. Егер сіз баланы асырап алып, кейін тастап кетсеңіз, онда дүниеңізбен бөлісіңіз. Заңда осылай жазылуы тиіс. Асырап алушы баланы үймен, біліммен қамтысын. Балаға берген уәдесін бұзғаны үшін оған алимент төлесін.

Облыс орталықтарында бала асырап алуда жауапкершілікті арттыратын бірнеше бағдарламаның жобалары талқыланып жатыр. Расында, балалар үйі дүкен, балалар ойыншық емес. Ал баладан бас тарту ғана емес, шақалақты шұңқырға лақтырып кету сияқты оқиғалар болып тұратын елде ұстап тұрған тұғырлардың кейбірін «тот» басқаны анық. Әйтсе де көздері жәудіреген бейкүнә балаларды «қапаста» ұстаудың имансыздық екенін қоғам түсініп келе жатқан сияқты...

Айжан Қуаш «Біздің уақыт».