$529.44 €617.06 ₽6.76
×

Көрсеткіштерге қол жеткізуге...ауа райы кедергі... Ал трамплин салуға 61 млрд теңге бөлінсе де, құрылысы бітер емес.

AstanaTV
22.04.2017ж. 20:00
1851
Көрсеткіштерге қол жеткізуге...ауа райы кедергі... Ал трамплин салуға 61 млрд теңге бөлінсе де, құрылысы бітер емес.

Бір «қызығы», мәдениет саласындағы кейбір көрсеткішке қол жеткізуге ауа райы кедергі келтіріп отыр екен. Осы аптадағы үкімет отырысында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы -белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізуге ауа райы кедергі, - деді. ...Театр, музей, кітапхана, ботаникалық бақтарға бару бойынша көрсеткіш төмен. Біз индикаторлар мен әдістемелерге қарсы емеспіз, бірақ қаңтар-наурыз айларында аттракциондарға бару өте қиын — күн суық, -деп шағымданды Мұхамедиұлы.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, Мәдениет және спорт министрі:

Туризм саласы үшін ең жақсы маусым жаз бен күз айлары екендігі түсінікті. Біз жылдың соңында барлық көрсеткіштерді орындайтын боламыз. Екіншіден, Бақытжан Әбдірұлы, театр, музей, кітапхана және ботаникалық баққа бару сынды көрсеткіштерді орындай алмаймыз. Индикаторға, әдіснамаға еш қарсылығымыз жоқ. Бірақ, қаңтар мен ақпанда, наурызда аттракциондарға бару өте қиын, суық.

Министрдің жауабына үкімет басшысы бір күліп алды. "Жазда — ыстық, қыста — суық. Енді қайттік?", — дейді Бақытжан Сағынтаев.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Жазда ыстық, қыста суық қой. Күлеміз, бірақ жұмыс та істеу керек. Құрметті министрлер, 24 нысаналы индикатордың 9 –ы бойынша арта қалып отырмыз. Мұндай тәжірибені алғаш рет енгіздік және сіздердің барлық дәлелдеріңізді қабылдамаймын. Жұмыс істеңіздер, нәтиже беріңіздер. Мемлекет басшысы күтіп отыр. Орта мерзімді кезеңде 5 пайыз өсім көрсету тапсырмасын жүктеді. Егер барлық уақытта әдіснамаға, статистикалық есептілікке, табиғатқа сілтей беретін болсақ, жүктелген міндетті еш уақытта орындай алмаймыз.

Ал қыс ызғарын елетпейтін, керісінше, қызығына батыратын орталықтар ше? Өткен аптада Мәжіліс депутаты Дания Еспаева, Щучьедегі шаңғы спортына арналған республикалық базаның құрылысына 61 млрд теңге бөлінгенін айтып, бәрімізді кезекті рет «иәәә» дегізді. Жоба басында 9 млрд теңгеге бағаланған. 2008 жылы аяқталуы тиіс болған. Алайда бітетін түрі жоқ, әрі қымбаттап барады.

Дания Еспаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 

2009 жылы бюджеті қайта қаралып, жоба 15 млрд теңгеге қымбаттаған. 2016 жылы тағы түзетіліп, 38,5 млрд теңгеге өскен.Былтыр жыл басында  Мәдениет және спорт министрлігі база пайдалануға беріледі, себебі база дайын, трамплиндерінің құрылысын бітіру ғана қалды, деді. Алайда өткен жылдың күзінде министрлік жоба бюджетін тағы 23 миллиардқа ұлғайтады. Егер жоба 90 пайызға дайын болса, неге тағы қомақты ақша құйылады, деген сауал туады. Қалған 10 пайызы біткен 90 пайыздан қалай 2,5 есе қымбат?

Депутаттың есебінше, үкімет Щучинскідегі шаңғы базасының құрылысына  30 аурухана немесе мектеп салуға кететін қаржы жұмсаған. Айтпақшы, өткен жылдың аяғында «Қазатомпром» ҰК атом станцияларына қажет отын шығаратын зауыт салынып бастайтынын хабарлаған. Өте күрделі технологиялық жоба 49 млрд теңгеге бағаланған. Спорт кешенінен 12 млрд теңгеге арзан. «Айта, айта Алтайды, Жамал апай қартайды» деген осы жерге келіп тұр. Баспанасы жоқ, алудың мүмкіндіктері де жоқ жұрттың мұндай ақпараттарды естігенде нормативке келмейтін сөздер айтатынын түсінесің. Қайдағы норма?

Климатқа сілтеме жасайтын жалғыз Мәдениет министрі емес. Астана әкімдігі биыл 40 шақырым жол жөндеуге 5 млрд теңге бөлген. Ал жаңа 17 шақырымды төсеуге 24 млрд теңге жұмсалмақ. Сонда, Астанада 1 метр жолды жөндеу 125 мың теңге, жаңа жолдың 1 метрі 1,5 млн теңге тұрады. Астана қаласы автомобиль жолдары басқармасы жетекшісінің орынбасары Болат Сәулебаев жылына 80-90 шақырым жол жөндеу керек болса да, оның тек жартысын жөндейтіндерін айтты. -Себебі қаржы жетпейді, - дейді шенеунік. Журналистер оған Еуропада асфальт жолдардың жүз жылдап бұзылмайтынын айтқан. Сәулебаев Астананың шұғыл өзгеретін климатын кіналаған. Ондай климаттық белдеуде жалғыз біз тұрмайтынымызды еске салып, журналистер де қоймаған. Технологияны өзгерту керек шығар, - деген. Шенеунік өздерінің ғылыммен айналыспайтынын айтқан...

Болат Сәулебаев, Астана қаласы автомобиль жолдары басқармасы жетекшісінің орынбасары:

Автожолдар басқармасы ғылыми жұмыспен шұғылданбайды. Бізде «Қазжол» ғылыми-зерттеу институты бар, материалдарды сол институттың ұсынысы бойынша қолданамыз.