$494.87 €520.65 ₽4.91
×

"Біз Таяу Шығыстағы ахуалға алаңдаулымыз", - М. Әшімбаев

08.10.2024ж. 20:00
337
"Біз Таяу Шығыстағы ахуалға алаңдаулымыз", - М. Әшімбаев

Аты әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің Ізгі ниет елшісі болып тағайындалды. Бұл туралы Елордада өтіп жатқан Съезд Хатшылығының XXII отырысында айтылды. Әлемдегі алауыздықты жойып, жаһан тыныштығын сақтауды мақсат тұтқан дін өкілдерінің отырысында қандай мәселелер талқыланды? Әріптесім Сүндет Оралбек тарқатады. 

СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

Әлемде Терористік және экстремистік топтар көбейді. Бұл жаһан тыныштығының бұзылуына сеп болуда. Салдары экономикалық дағдарысқа алып келуі бек мүмкін. Қақтығыстарға тосқауыл болу үшін әлемдегі дін басшылары бас қосты. Олардың сенімдері әр түрлі болғанымен мақсаты мен міндеті ортақ болуы керек.

Әлем үшінші дүниежүзілік соғыстың алдында тұр. Мінберде сөз алғандар осы мәселеге ерекше тоқталды. Сьезге қатысқан 19 елдің діни қызметкерлері әлемдегі алауыздықты бірігіп қана шешуге болатынын айтты. Хатшылық басшысы Мәулен Әшімбаев қазіргі таңда жаһандық сын-қатерлер бір-бірімен тығыз байланысты екенін, мұндай жағдай олардың ықпалын арттыра түсетінін тілге тиек етті. Геосаяси шиеленістердің салдарынан бейбіт тұрғындар зардап шегіп, халықаралық қоғамдастық қол жеткізген құндылықтарға нұқсан келуде.

МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ, ӘЛЕМДІК ЖӘНЕ ДӘСТҮРЛІ ДІНДЕР ЛИДЕРЛЕРІ СЪЕЗІ ХАТШЫЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Былтыр біз Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің 20 жылдық мерейтойын атап өттік. Осы уақыт ішінде Съезд жаһандық маңызға ие дінаралық диалог алаңына айналды деп сенімді түрде айта аламыз. Бұл – біздің ортақ жетістігіміз. Съезд және оның Хатшылығы қызметіне көрсетіп келе жатқан жан-жақты қолдауларыңыз бен ерекше ықыластарыңыз үшін сіздерге шынайы алғысымызды білдіреміз.

Бүгінде біз Таяу Шығыстағы ахуалға алаңдаулымыз. Осы орайда тараптарды бейбіт тұрғындардың құрбан болуынан және жағдайдың одан әрі ушығуынан сақтану үшін күш қолданудан бас тартуға шақырамыз. Мұндай ахуал кедейлік, теңсіздік және климаттық дағдарыс сияқты сын-қатерлерді күшейте түсетіні белгілі. Осындай проблемаларды азайту және еңсеру үшін барлық конструктивті күштердің әлеуетін біріктірудің мәні зор.

Осыдан екі жыл бұрын бірлескен күш-жігердің арқасында VII Съез нәтижелі өткен еді. Оған әлемнің 50 елінен 100-ден астам делегация қатысты. Нәтижесінде мазмұнды әрі жан-жақты пысықталған Декларация қабылданды. Тұжырымдаманы жүзеге асыру үшін бірнеше жұмыс жүргізілді. Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында 1800-ге жуық материал жарияланды, тұжырымдама идеялары 56 интернет-ресурстарында көрініс тапты. Сондай-ақ, ертең алғаш рет жас діни лидерлер форумы өтпек.

АИДА БАЛАЕВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:

Алдағы он жылдағы біздің стратегиялық мақсатымыз – Съездің жаңа институттарын – әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің ізгі ниетті елшілерін және жас діни лидерлер Форумын іске қосу арқылы рухани дипломатияны нығайту. Біз негізгі бағдарламаларды анықтап, осы мақсаттарға бірлесіп қалай жетуге болатындығы туралы нақты қадам жасап отырмыз.

Делегаттар бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді сақтау жолында діни және саяси көшбасшылардың күш-жігерін біріктіруге ұйытқы болғаны үшін Қазақстанға ризашылықтарын білдірді. Сондай-ақ олар Съездің еларалық қақтығыстардың салдарын жеңілдетуге және кедейлік, радикализм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл, экологиялық апаттар сияқты жалпыадамзаттық проблемаларды шешуге тигізетін ықпалына назар аударды. Сондай-ақ, Форумның беделі айтарлықтай өсіп келе жатқанын атап өтті.

ӘЛИ АКБАР ЗИАЙ, ИРАН ИСЛАМ РЕСПУБЛИКАСЫ ДІНАРАЛЫҚ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТАРАЛЫҚ ДИАЛОГ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бұл сьезд -Қазақстанның әлемге берген сыйы. Оны барлық дін өкілдері растайды. Қазақстанның дінаралық және конфессияаралық қақтығыстарды шешудегі рөлін ерекше атап өткен жөн. Сьездің 20 жылдық тарихын айтпай кету мүмкін емес. Осы кезеңде дінаралық байланысты нығайтқанын өз сөзімде де жеткіздім. Сол байланысты практика деңгейінде қолданып, әлеуметтік мәселелерде шешуге бет бұруымыз керек.

Жиын барысында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезінің жалпы отырысы мен панельдік сессияларының тақырыптары және өтетін мерзімі белгіленді. Ол келер жылдың 17-18 қыркүйегінде болады. Одан бөлек, Съезд Хатшылығының XXII отырысының Хаттамасы қабылданды. Қабылданған шешімдер рухани дипломатияны дамытады дейді мамандар.