Спорт Қазақстан
$439.4 €473.54 ₽4.76
×

Алматы автопарктері автобустарда кондукторларды заңдастыруды сұрайды

AstanaTV
21.04.2017ж. 20:00
2495
Алматы автопарктері автобустарда кондукторларды заңдастыруды сұрайды

Автобустағы кондуктордың әрекеті жұрттың жағасын ұстатты. Мүгедекті автобустан түсіріп тастаған билет жыртушы оқиғасынан соң, жолаушылар тасымалымен айналысатын компаниялар, кондуктор жұмысын заңдастыру қажет, деп отыр.

Ал "Оңай" жүйесі оңай болмай тұр. Мәселені кондукторларды заңды жолмен жұмысқа алу арқылы шешу мүмкін бе? Тілші жауап іздеп көрді.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Алматыда қоғамдық көліктерге «Оңай» жүйесі енгізіліп, көлеңкелі айналымдағы қаражатты қайтару оң нәтижесін берер емес. «Алматы дамыту орталығы» акционерлік қоғамының дерегінше, қоғамдық көліктерден түсетін қаражаттың 30 пайызы әлі де бюджетке түспей отыр. «Оңай» картасына балама ретінде қолма-қол қаражат төлеу қайта енгізілген соң, автобустарда кондукторлар қайтадан пайда болды.

Кешелі бері әлеуметтік желілерді кезіп жүрген мына бейнетүсірілім Алматыда болған деседі. Мүгедек адамды автобустан итеріп шығарып жіберген көрініс көптің ашуын тудырды. Ғаламтор қолданушылары дөрекі әйелді  №34 бағыттағы автобустың кондукторы деп жазбалар қалдырған. Алайда, аталған бағытқа жауапты тасымалдаушы бұл оқиғаның өздеріне қатысы жоқтығын айтады. Десе де қоғамдық көлікпен жүретін қауымның өз пікірі бар.

Кейбір кондукторлар өте дөрекі, мәдениетсіз, түртіп кетеді. Төлемедің деп қайта-қайта тексереді.  

Мені аялдамаларды атымен атамайтыны ашындырады. Сосын кәрі адам болған соң, ұзақ жол жүргенде өтіп кетемін. 

Компания басшысы, қоғамдық көліктердегі мұндай деректерді болдырмас үшін, кондукторлардың жұмысын заңдастыруды ұсынып отыр. Қазір билет жыртатын адамдар жүргізушілердің таныстары мен туыстары, олар тек көмекші ретінде әрі заңсыз әрекет етеді. Тиісінше оларда жауапкершілік те жоқ, дейді тасымалдаушы мекеме жетекшісі.

Бауыржан Кұлышев, «GREEN BUS COMPANY» ЖШС директоры:

Біз «Оңай» жүйесіне қатты сенім артқан едік. Себебі қаражатты жүргізушінің, басқа да адамдардың қатысуынсыз жинап, көлеңкелі айналымды тоқтату еді. Алайда былтыр жазда мобильдік терминалдарды іске қосуға мәжбүр болдық. Оны көтеріп жүріп, ақша жинау үшін кондукторлар қажет болды. Енді осыны атқаратын адамдарды заңдастырып, жалақы беруді ұсынып отырмыз. Мойындарына жауапкершілік жүктейміз.

Тасымалдаушы компания қазір жолақысынан күнделікті жиналатын қаражаттың 60 пайызын «Оңай» терминалдарынан алады. Ал қалған 40 пайызы бәрібір жүргізуші мен кондуктордың қолынан өтетінін айтады. Сондықтан Алматыда үлкен даумен енгізілген жаңа жүйе өз өміршеңдігін көрсете қойған жоқ. 

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Тасымалдаушылар қазір қалалық әкімдікпен жол ақысын төлеу әдістерін қайта қарауды сұрап отыр. Ол «Оңай» картасымен 80 теңге, ал қолма-қол төлейтіндерге 100-120 теңгеге дейін көтеру. Ол үшін барлық автобустарға заңды түрде кондукторлар енгізу көзделген. Бастама шешімін тапса, барлығы 1500 адам жұмыспен қамтылуы мүмкін.

Ришати АСҚАРБЕКҰЛЫ