Ашхабадта Ұлы ақын Абай Құнанбаевқа арналған ескерткіш ашылды. Бұл Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы байланысты одан әрі нығайта түспек. Қазір екі ел сауда-экономикалық байланысын нығайтуға ден қойған. Экспорттың көлемін 120 миллион долларға дейін ұлғайтуға дайын. Мемлекет басшысының Түрікменстанға ресми сапары кезінде осы мәселелердің барлығы ашық айтылды.
Ашхабад әуежайында Қасым-Жомарт Тоқаевты түрікмен халқының көшбасшысы Гурбангулы Бердімұхамедов қарсы алды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт бергеннен кейін екі елдің әнұрандары орындалды.
Президенттің Түрікменстанға ресми сапары Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесуден басталды. Мемлекет басшысы қонақжайлық танытқаны үшін төрағаға алғысын білдірді. Қос тарап саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы мәселелерді талқылады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Сіздің еліңізбен ынтымақтастықты дамыту мәселесіне зор жауапкершілікпен қараймыз. Біз – стратегиялық серіктес елдерміз.
Осыдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов Ашхабадтағы Абай ескерткішін салтанатты түрде ашты. Абай – әлемдік ауқымдағы алып тұлға. Оның шығармалары бүкіл адамзаттың асыл мұрасына айналған. Жер жүзіндегі көптеген қалада хакім Абайдың ескерткіші бар. Енді Ашхабадта ашылуы – бауырластығымызды нығайта түсетін бірегей бастама. Шара барсында Президент Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдық мерейтойына орай арнайы шығарылған медальмен марапатталды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Ұлы ақын саналы ғұмырын ағарту ісіне арнады. Абай «Талап қыл артық білуге» деп, өнер-білім философиясын кеңінен насихаттады. Ол теңдессіз туындылары арқылы мызғымас құндылықтарды дәріптеді. Жұртты отаншылдыққа, білімпаздыққа, еңбекқорлыққа баулыды. Жақсылық пен парасаттылыққа үндеді.
Екі елдің түбі бір, тарихы ортақ, тілі мен мәдениеті ұқсас. Бұл қос елдің мықты қарым-қатынас орнатуына арқау болып отыр. Қазір қос тараптың байланысы стратегиялық деңгейге жеткен. Президенттің Түрікменстанға бүгінгі ресми сапары – соның дәлелі.
ГУРБАНГУЛЫ БЕРДІМҰХАМЕДОВ, ТҮРІКМЕНСТАН ХАЛК МАСЛАХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Бүгін біз астанамыз Ашхабадтың тамаша мүйісінде орналасқан ғажап саябақта бауырлас қазақ халқының ұлы ақыны, көрнекті мәдениет және өнер қайраткері Абай Құнанбайұлының ескерткішін ашу рәсімінде бас қосып отырмыз. Баршаңызды осы салтанатты сәтпен шын жүректен құттықтаймын! Түрікмен және қазақ халықтары әлемнің мәдени-рухани қазынасына үлкен үлес қосты. Соған сәйкес, бұл мәдени мұраны тыңғылықты зерттеу, оны кеңінен насихаттау және осы саладағы халықаралық әріптестікті дамыту аса маңызды міндет болып саналады.
Президент Ашхабадқа ресми сапары аясында Түрікменстанның Тәуелсіздік монументіне гүл шоғын қойды. Осыдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедов шағын құрамда келіссөз жүргізді. Әрі қарай «Оғызхан» сарайында Мемлекет басшысын қарсы алу рәсімі өтті. Қос тарап бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазақстан – сіздің еліңізбен энергетика, көлік, логистика және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастыққа қатысты барлық мәселе бойынша сенімді одақтас.
Екі ел сауда-экономикалық байланыстың дамуына айрықша мән береді. Энергетика, көлік, сауда-саттық, ауыл шаруашылығы саласында бірлесіп жұмыс істеуге ниетті. Әсіресе тараптар арасында мәдени-гуманитарлық байланысты арттыру өте маңызды.
СЕРДАР БЕРДІМҰХАМЕДОВ, ТҮРІКМЕНСТАН ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз Түрікменстанның сыртқы саясаттағы бейтарап бағдарына қолдау білдіргені үшін Қазақстанға ризашылығымызды білдіреміз.
Қазақстан мен Түрікменстан ғасырлар бойы жалғасқан достыққа, тату көршілік қарым-қатынасқа және ортақ мәдени, тарихи құндылықтарға арқа сүйеді. Берік әрі үйлесімді байланыс құра білді. Әсіресе, соңғы жылдары сауда-экономикалық ынтымақтастықта ілгерілеу бар. Әлі де дамыта түспек. Экспорттың көлемін 120 миллион долларға дейін ұлғайтуға дайын. Бұл нақты 80 тауар түрі бойынша.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Маған баяндалған мәліметке сәйкес, шағын және орта бизнес инвестициялық әлеуетке ие екенін көрсетіп отыр. Былтыр Қазақстан компанияларының Түрікменстанға бизнес туры ұйымдастырылды. Осы орайда Қазақ-түрікмен іскерлік кеңесі алаңында кәсіпкерлердің белсенділігін ынталандыру аса маңызды. Іскерлік орта негізгі қозғаушы күшке айналуы керек.
Кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен болашағы талқыланды. Газ саласындағы бірлескен бастамаларды жүзеге асыру, өзара сауда мен екі елдің аумағы арқылы тасымалданатын жүк көлемін жүйелі түрде арттыру, өңіраралық ықпалдастықты жандандыру мәселелеріне айрықша мән берілді.
САНЖАР ЖАРКЕШОВ, «QAZAQGAZ» ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
«QAZAQGAZ» ұлттық компаниясы және ТүрікменГаз компаниясы газ саласындағы стратегиялық келісімшартқа қол қойды. Бұл келісім шарт – тарихи құжат. Газ саласында бұрын-сонды болмаған екі мемлекет арасындағы ұлғаяды.
Былтыр екі елдің өзара тауар айналымы 28 процентке артып, жарты миллиард доллардан асты. Биыл да оң динамика байқалады. Қазір Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін, ең алдымен, бидай жеткізу көлемін ұлғайту көзделген.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Елімізге экспортты арттыруға және біздің нарықта ұзақ мерзімге тұрақтап қалуға түрікмен бизнесінің де әлеуеті жетеді. Екіжақты тауар айналымын таяу келешекте бір миллиард долларға дейін жеткізуге болады деп санаймыз. Қазақстан тарапы сауда-экономикалық мүмкіндіктерімізді толық пайдалану үшін өңіраралық ықпалдастықты бірлесе нығайтуды ұсынды. Бүгін осы форматтағы өзара тиімді серіктестіктің бастамасы ретінде Маңғыстау облысы әкімдігі мен Балқан уәлаятының әкімшілігі арасында ынтымақтастық жоспарына қол қойылды.
Түрікменстан Президенті брифингте ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы және перспективті бағыттарына тоқталып, түрікмен-қазақ диалогі сындарлы сипатта дамып келе жатқанын атап өтті .
СЕРДАР БЕРДІМҰХАМЕДОВ, ТҮРІКМЕНСТАН ПРЕЗИДЕНТІ:
Бүгінгі кездесу барысында екіжақты қатынастардың қазіргі жай күйі мен келешегі, сондай-ақ өзара мүддемізге сай келетін өңірлік және халықаралық саясат мәселелері талқыланды. Екі ел ықпалдастығының нақты бағыттары айқындалды. Келіссөздер өзара сенімге және ашықтыққа негізделген қарым-қатынас дәстүрінен айнымай, сындарлы әрі мазмұнды сипатта өтті.
Келіссөздерден кейін достықты нығайту және көпжақты стратегиялық серіктестікті тереңдету туралы декларацияны қабылдап, бірнеше құжатқа қол қойды.