$487.37 €532.94 ₽5.09
×

Флорида штаты бір айда екі рет дауылдың астында қалды

11.10.2024ж. 20:00
97
Флорида штаты бір айда екі рет дауылдың астында қалды

АҚШ-тың Флорида штаты бір айда екі рет дауылдың астында қалды. «Милтон» апатынан 16 адам опат болса, оның алдындағы "Хелен" дауылы 230 адамның өмірін қиған. Қазір жағдай қиын. Үш миллионға жуық адам жарықсыз қалды. Бұл штатта біздің елдің азаматтары да бар. Көбі - студенттер. Олардың жағдайы қалай? Толығырақ Аружан Задабек айтады. Эфирде – «Жер-жаһан» айдары.

Қайырлы кеш, көрермен! Айдарымызды жағымсыз жаңалықтан бастағымыз келмейді. Десе де қазір АҚШ-тағы жағдай мәз емес. 100 жылда болмаған ең сұрапыл дауыл 16 адамның өмірін жалмады. Бұл – белгілісі. Іс жүзінде одан да көп болуы мүмкін. Өйткені қираған баспаналардың астынан адам денелері әлі де табылып жатыр.

ДЖО БАЙДЕН, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мүмкіндігінше жылдам қозғалуымыз керек. Шұғыл шешім қабылдау маңызды.

Шығанақта біраз дүниенің астаң-кестеңі шыққан. АҚШ-тың Флорида штатындағы дауылға байланысты қазақстандық студенттерге де ескерту жасалды. Қазір ондағы жоғары оқу орындарында еліміздің 31 стипендиаты білім алады. Штаттың 35 округінде төтенше жағдай жарияланды. Билік тұрғындарға қоғамдық көлікпен тегін қатынауға рұқсат берген. 

КРИСТАЛ КОУЛМАН, ТҰРҒЫН:

Мен өмірімде мұндайды ешқашан бастан өткерген емеспін. Құдды бір киноға түскендей болдым. Апатты айтып жеткізу мүмін емес. Өте қауіпті, қорқынышты. Мен осымен бәрі бітті, көз жұмамын деп ойладым.

Әлемде орын алған табиғи апат бұл ғана емес. Украина орманы өртке оранды. Елдің шығысында болған белгісіз жарылыстың салдарын орман зардап шекті. 3 гектар жердегі қарағай қурап қалған. Саябақтың 40 000 гектары жойылып кетті. 

СЕРХИЙ ЦАПОК, ОРМАНШЫ:

Бұл орман қалпына келмейді. Жанып кеткендер қалпына келмейтіні анық.

Тағы да АҚШ. 11 турист шахтаның астында қалып қойды. Біреуі көз жұмған. Бұл кеніш 1960 жылы жабылған. Кейін танымал туристік орынға айналды. Бүгінде әдеттегідей жер-жерден саяхатшылар келіп тамашалаған. Аяқ асты төтенше жағдай орын алды. Лифт істен шығып, 300 метр тереңдікке құлап кетті.