Қабір қазу күрт қымбаттады. Бір жылда жерлеу рәсімдерінің қызметі 12 пайызға өскен. Өлу үшін де ақша керек деген әзіл шындыққа айналды. Бағаның шарықтауына не себеп. Айбек Салдатбек анықтады.
АЙБЕК САЛДАТБЕК, ТІЛШІ:
Аз берсең налымайды, көп берсең көпсінбейді. Дулат Исабековтің “Сүйекші” деп аталатын шығармасы бойынша баяғы қабір қазушылар еңбегі үшін ел не берсе соған разы болған. Ал қазір жер қазып, жерлеу рәсімін өткізу үшін қыруар қаражат керек. Қара жердің қойнына тегін кіре алмайсың.
Қабір қазу қызметінің бағасынан Батыс Қазақстан облысы көш бастап тұр. Онда 90 пайызға өскен. Ал Жетісу облысында 33%-ға, Астанада 30%-ға қымбаттады. Маңғыстау, Қостанай, Қарағанды өңірлері мен Абай ауданында 20%-дан жоғары өсті. Жерлеу құнының күрт қымбаттауына да көпшілік таңырқай қарады.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Қазақта ондай ақша беретін болмайды. Беретін енді орамалға түйіп. Сондай көп емес енді. Каждый өзінің возможностьмен береді.
- Ол дұрыс емес қой. Сонда ертең күннің күнінде көмусіз қаламыз ба?
- Қабір қазып жатқандар да адам ғой олар да. Семьясы бар ғой олардың да. Ойлау керек қой халықты.
Жер қазып, жерлеуге дайындау үшін бас қаладағы негізгі баға мұсылман қауымға 54 мың теңге. Ал өзге дін өкілдеріне бұл қызмет 40 мың теңге.
ЕРБОЛАТ СМАҒҰЛОВ, “АСТАНА АРНАЙЫ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ БЮРОСЫ” ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бізге қарап жеке кәсіпкерлер бағаны көтере алмайды, өйткені бізден жоғары болса басқаларға бармайды ғой. Бұдан мысалы жаңағы жер қазатын адамдардың еңбекақысы бар. Ол біздің жұмыскерлеріміз. Солардың еңбекақысы соның ішіне кіреді.
Жалпы бұл қызметтегі баға реттелмеген. Ол нарыққа байланысты құбылады. Ал қабір басына қойылатын құлпытастардың арзаны 30-35 мың теңгеден басталып, миллионға дейін кете береді.