$497.26 €525.21 ₽4.97
×

Астана мектептерде орын тапшылығы 25 мыңға жуықтаған

Астана мектептерде орын тапшылығы 25 мыңға жуықтаған

Астанадағы мектептерде орын тапшы. Қазір 1200 орындыққа арналған білім ордаларында 5 мыңға жуық бала оқиды. Жылдан жылға үш ауысымда оқитын мектеп саны артуда. Мамандар мәселенің туындауына демографиялық өсім мен ішкі миграцияның белсенді жүруі себеп, дейді. Тақырыпты тілшіміз Динара Жақсыбайқызы тарқатады. 

Қала тұрғыны Жайна Қыдырбаеваның екі баласы мектепте оқиды. Айтуынша, балаларының сыныбында 40-қа жуық оқушы бар. Оны мектептегі орын тапшылығы алаңдатып отыр. Мекенжайына байланысты балаларын басқа мектепке ауыстыра алмайды. Оның үш ауысымдағы және бала саны көп жерде оқушылардың сапалы білім алатынына күмәні бар.

ЖАЙНА ҚЫДЫРБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Кластарында 35-38 баладан оқиды. Олар тар, ауа жоқ. Мен сол білім сапасына лаңдаймын. Білім сапасы қалай болады? Мысалы айналдырған 45 минутта апайы сабақ сұрап үлгере ме, үлгермей ме, соған алаңдаймын.

ДИНАРА ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Біз жүрген мына мектептің оқушылары 3 ауысымда оқиды. Мектепте кабинет жетіспеушілігі бар. Ал спортзалда бір мезгілде 5-6 сыныпқа дейін сабақ өтеді.

Алматы ауданында орналасқан №83 мектеп-гимназиясы 2021 жылдан бері үш ауысымға ауысқан. Қазір мұнда лайықталған орыннан үш есеге көп бала білім алуда. Мектеп басшылығы «біздегі басты мәселе – спорт зал. Күз бен көктемде білінбейді. Ал күн суытқанда балаларға бір зал тарлық етеді» дейді.

ГҮЛМИРА ЖАРМЕНОВА, Ы. АЛТЫНСАРИН АТЫНДАҒЫ №83 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Мектеп 1200 орынға арналған мектеп. Айтып отырмыз ғой, қазіргі таңда 4850 оқушы оқиды. Бізде кабинет тапшылығы болды басында. 2021 жылы мектеп үш ауысымға көшті. Тек бастауыш сыныптар қазір үш ауысымда. Ендігі жылы, жаңа оқу жылына қосымша ғимарат салынып жатыр.

Мектеп басшылығы кабинет тапшылығы қазір жоқ дегенімен, кейбір оқушылар дәлізде сабақ өтіп жатыр. Мектептегі мәселе бойынша білім басқармасына хабарластық. Мұндағы мамандардың айтуынша, қазір елордада орын тапшылығы 25 мыңға жуықтаған. Салдарынан 5 мектеп үш ауысымда жұмыс істесе, 11-і шамадан тыс көп бала қабылдаған.

НҰРЛАН ДОСЖАНОВ, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ТІРШІЛІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Оқушы орындарының тапшылығын жою мақсатында 32 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда 24 мектеп биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланған болатын. Соның ішінде 1 қыркүйекке дейін, жаңа оқу жылына дейін 15 мектеп пайдалануға берілді. Қалған 9 мектеп ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі.

Білім саласындағы мәселе мектеп құрылысымен бітпек емес. Алдағы 6 жылда қалада педагогтердің де тапшылығы сезілмек. 2030 жылға қарай 10 мыңнан аса мұғалім қажет деген болжам бар. Елордада қазірдің өзінде бір мұғалім екі сыныпқа жетекшілік етіп жүрген жағдайлар жоқ емес.