$495.2 €522.34 ₽4.94
×

"Алаяқтардың арам пиғылы оңай жүзеге асуына банктер кінәлі", - депутат

16.10.2024ж. 20:00
176
"Алаяқтардың арам пиғылы оңай жүзеге асуына банктер кінәлі", - депутат

Онлайн несие алу қиындайды. Осыған дейін кредитті 5 минутта рәсімдеп жүрсек, енді бұл процесс 2 күнге созылуы ықтимал. Бұл туралы қаржы нарығын реттеу агентігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Мәжіліс қабырғасында мәлімдеді. Бұл өзгеріс айласын оңай іске асырып жүрген алаяқтарға тұсау болмақ. Сондай-ақ, психиатриалық және наркологиялық есепте тұрғандарға несие берілмейді. Мәжілісте көтерілген мәселені Сүндет Оралбек жеткізеді. 

Бұдан былай несие алу алу үшін банк филиалдарына барып, кезек күтуіміз мүмкін. Бұл халықтың қарызға батуын толығымен тоқтатпаса да, алаяқтарға алданғандардың санын едәуір азайтады. Себебі, қаскөйлер онлайн несие арқылы талайды қақпанына түсірді. Ал банкке баруға мүмкіндігі жоқ адамдар кредитті смортфонмен рәсімдей алады. Бірақ біраз уақыт күтуі керек.

МӘДИНА ӘБІЛҚАСЫМОВА, ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ АГЕНТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Несие бірден мақұлданбай, белгілі бір кезең өтіп, қосымша тексерістер жүргізілген соң ғана несие берілетіндей ұсынысты қарап жатырмыз. Мысалы, бұл несиеге өтініш берген күннің екінші күні болуы мүмкін. Біз ресейлік тәжірибені қарастырдық, онда несие беру кезеңі қарыздың сомасына қарай үш сағаттан бастап екі тәулікке дейінгі уақытты алуы мүмкін. Бұл ұсыныстарды банктермен бірге қарастырып жатырмыз.

Иә, алаяқтан айла артылмайды. Бұрын көршілес елдерден хабарласып, қаржыны қолды қылса, қазір түрлі құйтырқы әрекеттер арқылы талайды сан соқтыруда.

АЙДОС РЫСБАЕВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Алаяқтар тұсау салдырмай отырғаны рас. Қазір шетелден түскен 63 млн қоңырау бұғатталды. Бірақ олар қалалық телефондар арқылы хабарласа бастады. Қазақтелекоммен бірлесіп 4 млн қоңырауды бұғаттадық. Сондай-ақ, 3қалада 19 SIM-BOX тәркіледік. Оларға 3500-ге жуық симкарта салынған.

Алаяқтардың арам пиғылы оңай жүзеге асуына банктер кінәлі. Депутат Мұрат Әбенов осылай дейді. Себебі, қаржы ұйымдарының осал тұстарын қаскөйлер өз қажетіне пайдаланады. Соның кесірінен халық қаражатынан қағылады. Ал банктер бұған көз жұма қарайды.

МҰРАТ ӘБЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Біз бәріне халықтың өзін кінәләймыз. Бірақ банктердің әрекетін айтпаймыз. Былтыр Ресей заңнамаға өзгеріс енгізді. Егер алаяқ айласын асырып тұтынушының қаржысын қолды қылса, банк кінәлі болады. Халықтың сол ақшасын өз есебінен қайтарып береді. Қаржы ұйымдары осындай жайттан кейін қауіпсізлік қызметін күшейтті.

Қазір азаматтар eGov арқылы несие алудан бас тарта алады. Бірақ, мұны қолданғандар саны өте аз. Тіпті білмейтіндерде жетерлік. Мәжілісмен Асхат Аймағамбетов жүйені өзгерту керек дейді. Тек несие аламын дегендер ғана eGov-қа кіріп, қарыз алуға дайын екенін растауы керек. Бұл алаяқтық фактінің азаюына сеп болуы мүмкін.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Онда тұрған ештеңе жоқ. Бірақ 10 млн-нан астам азамат па, 5 млн-нан астам азамат па, әсіресе зейнеткерлер, ауылда тұратын азаматтардың атынан ешкім несие алмаушы еді. Бұл біздің зейнеткерлерімізді және басқа да азаматтарды қорғаудың маңызды шешімі болады. Мұны азаматтардың құқығын бұзу деп қабылдамау керек.

Қазір елімізде 18 мыңнан астам адам наркологиялық тіркеуде тұр. Енді олар несие рәсімдей алмайды. Бұл өзгеріс психиатриалық есепке алынғандарға да қатысты. Банктерде тәуекелдерді басқару жүйесі бар. Сол арқылы қаржы ұйымдары аталған санатқа жататын тұлғаларға қарыз бермейді. Сондай-ақ, елімізде шетелдік банктердің филиалы ашылуы мүмкін.