13 жылдан соң қайта оралған "Республика күні" мерекесін биыл еліміз үшінші жыл қатарынан тойланады. Құжатқа сәйкес, Республика күні яғни 25 қазан – ел үшін атаулы күнге айналды. Ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтарудың тарихы мен маңызы қандай? Әріптесім Бекболат Сатуов айтып берсін.
Егемен ел тарихына үңілсек Республика күні мемлекеттік мереке болып алғаш рет 1995 жылы қазанда жарияланған. Әрине, 25 қазан Республика күні болып кездейсоқ таңдалмағаны анық. 1990 жылы дәл осы күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған болатын. 2009 жылы мерекелер тізімінен алынып тасталған еді. Араға 13 жыл салып, яғни 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен қайта енгізілді. Осылайша, Республика күніне қайта мәртебе берілді. Мәжілісмен Ернұр Бейсенбаев атаулы мерекені атап өтудің болашақ жастар үшін маңызы зор дейді.
ЕРНҰР БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Әлемде 5мыңға жуық ұлт болса, соның 200-ге жуығында ғана шынайы шекарасы шегенделген мемлекеттер бар. Оның ішінде қазақ даласы да дәл сондай, егеменді тәуелсіз мемлекет деген сыңайлы форматта жастардың арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек. Өйткені әрбір бала түсіну керек біздің елде өзіміздің тіліміз, өзіміздің заңымыз, өзіміздің шекарамыз, өзіміздің астанамыз бар екенін білуі қажет. Осы бағытта бұл іс-шараның маңыздылығы болмаса бұл мемлекеттің аса бір құнды екенінің белгісі.
Республика күні мемлекеттік емес, ұлттық мереке санатына енді. Ұлттық мереке кезінде мемлекеттік органдарда міндетті түрде ресми іс-шаралар өткізіледі. Себебі олар ерекше тарихи маңызы бар және мемлекеттіліктің дамуына елеулі әсер еткен оқиғалар қатарына жатады. Профессор Мәмбет Қойгелді Республика күнінің қайта мәртебеге ие болуы тарихи маңызды шешім болғанын айтады. Елдікке бастаған күн екенін өскелең ұрпақ ұғынып өсуі керек дейді.
МӘМБЕТ ҚОЙГЕЛДІ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:
Бұл күннің алатын орны біздің жәй күнделікті өмірімізде жалпы тарихи өмірімізде ерекше. Өйткені тәуелсіздігін аңсамайтын, тәуелсіздігіне ұмтылмайтын, сол үшін күреспейтін ұлт халық болмайды. Әлемде ондай халық жоқ. Ең биік, рухты азаматтар өз өмірін осы мемлекеттің тәуелсіздігі үшін арнады деп айтуымызға болады. Ол тарихи фактор, тарихи шындық солай.
Биыл үшінші жыл қатарынан мерекені атап өтеміз. Мемлекеттік наградаларда осы мерекеге орай ұйымдастырылатын шараларда табысталады.