$494.87 €520.65 ₽4.91
×

"Малдың жемі қымбат, еті арзан", - шаруа

17.10.2024ж. 20:00
149
"Малдың жемі қымбат, еті арзан", - шаруа

Соңғы 5 жылда азық-түлік құны айтарлықтай қымбаттады. Ал ет бағасында аса бір өсім болған жоқ. Бірақ төрт түліктің жем-шөбінің құны көз ілеспес жылдамдықпен өсуде. Бұлай жалғаса берсе мал бордақылап, соғым соятын шаруалар саны азаюы мүмкін дейді мамандар. Осы және өзге де ақпараттар "Экономика" топтамасында. 

Халқымыз ежелден күнкөріс көзі ретінде төрт түлікті таныған. Жесең азық, жол тартсаң көлік, жамылсаң көрпе болған жануарларды ерекше бағалағаны рас. Десе де, қазір төрт түліктің төрт теңгедей құны қалмады. Оны бағу қымбат, ал сатайын десең бағасы арзан. Шаруалар осылай деп шағымдануда. Ет экспортына қойылған шектеу жағдайды одан әрі қиындатып жіберген. Ал мал басын көбейтуге көпшілігі құлықсыз. Мамандар соңғы рет ет бағасы 5 жыл бұрын көтерілгенін айтады. Содан бері теңге де құлдырады, шаруалардың да шығыны ұлғайды. Фермерлер етті шетелге сатуға рұқсат етілсе мал бордақылайтын қожалықтардың жұмысы қайта жанданар еді дейді.

Елімізге импортталатын тауарлардың дені аспан асты елінен келеді. Бірақ, соңғы уақытта Қытай өніміне сұраныс 6 жарым пайызға азайған. Бұл төрт жыл ішіндегі ең төмен көрсеткіш. Бір жыл бұрын текстиль мен тоқыма өнімдеріне 1,3 млрд доллар төлеген болсақ, биыл 1,1 млрд долларға тауар сатып алыппыз. Ал көлік құралдары мен қосалқы бөлшектерді жеткізу 3 процентке азайған. Химия өнеркәсібі өнімдері 14, аяқ киім мен бас киім 10 пайызға кеміді. Ал метал бұйымдары 21 млн долларға артып, 705 млн долларға жетті.

Елімізде коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалға алу құны 4 процентке өсті. Әсіресе тұрақты жалдау 11,8 пайызға көтерілген. Ал қойма 9,4, кеңсе құны 8 процентке өсті. Кафелер мен өндірістік цехтарды жалдау 7,4 проценке, мейрамхананың ақысы 4 жарым пайызға ұлғайған. Фитнес-клубтар мен спорт залдарын жалға алу бағасы керісінше 0,2%. азайды.

Валюта бағамына тоқталайық. Қор нарығында доллар 489 теңгеден саудалануда. Еуро 531, ал Ресей рублі 5 теңге 4 тиын болды.