Жамбыл облысында жол апаты жиілеп кеткендіктен әулиеаталық полицейлер аймақтың тас жолдарына тексеріс жүргізіп, 12 мыңнан астам ақау тапты. Ойдым-ойдым жол мен бояуы кеткен жол таңбасы апаттың көбеюіне әкеп соғады дейді. Сондықтан жыл басынан бері жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыс автожолдарына 2633 тексеру жүргізіліп, 16,5 мың шақырымға жуық жол құзырлылардың қадағалауынан өткен. Нәтижесінде құрылысқа жауапты мекеме басшыларына кеткен кемшілікті түзету үшін нұсқама берілген. Бірақ оны елемеген 332 лауазымды азамат жауапкершілікке тартылды. Арасында айыппұл арқалағандары да бар.
ГҮЛСАРА МҰХТАРҚҰЛОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Жол-техникалық инспекция қызметкерлері берген нұсқамаларды орындамағаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 462-бабы 3-бөлігі бойынша Тараз қаласы әкімдігінің, Т. Рысқұлов және Меркі аудандарының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімдерінің лауазымды тұлғалары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.