Жыл басынан бері есірткіге байланысты қылмыс саны шамамен 16%-ға өсті. Есірткі тасып, сотталған жас көбейді. Өкініштісі сол – араларында алаяқтардың құрбанына айналып, бұл қадамға білместіктен барғандары жетерлік. Бір рет шалыс басып, талай жылдарға темір торға тоғытылған боздақтардың ата-анасы бүгін елордада жиналды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген тұрғындардың талабы қандай? Мөлдір Жақан тарқатып айтады.
Жамбыл облысының тұрғыны Иса Малдыбековтың 36 жастағы ұлы екі жыл бұрын есірткімен ұсталды. 2 баласы бар, қорықшы болып қызмет еткен азамат 11 жылға сотталды. Перзентіне тағылған айыппен келіспеген әкесі сот шешіміне аппеляциялық шағым түсірді. Сөзінше, ұлына полиция қызметкерлері жала жапқан.
ИСА МАЛДЫБЕКОВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Жұмыс бабымен полиция қызметкерлерін, заңды бұзған полиция қызметкерлерін ұстаған заңсыз балық ұстап жатқан жерлерінен. Ішкі істер қызметкерлері бұған ерегісіп, баламды подставить етіп, жасанды қылмыс жасап, есірткі сатты, айналысты деп 297 статьямен ОПГ істеп, үйде жатқан жерімізден баламды ұстап алды. Аулада тұрған ЗИЛ машинасына бір пакет анаша салып, осыны сылтауратып қамаққа алып кетті.
Ал Мейрам Асқаровтың 23 жастағы ұлы есірткі тасымалдауға қатысы барын өзі де білмей қалған. Танысы сәлемдеме күтіп алсын деп өтінген, ал оның ішінде зергерлік бұйымдар бар деп алдаған. Сөйтіп ішінен гашиш табылып, ақыр аяғында жас жігіт 18 жылға қамалады.
МЕЙРАМ АСҚАРОВ, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Ұлымның танысы ұлды попросить еткен, ол өзінің жолдасын попросить еткен. Ол күтіп алады, оны ұстайды. Анау особо крупный дейді 3 посылка. Менің ұлымды айтады, сол попросить еткен деп. Менің ұлым Россиядан келген Илья дегенге айтса, сендер придумали дейді. Оны розыскқа берді. Бұларды ұстап алды да, әрі қарай бітті ізделінбейді. Біз оларды Телеграммен ұстай алмаймыз дейді. Маған жолдасым барып күтіп алшы десе, мен де 18 жылға кетемін бе сонда?
Заңгерлер осылайша шабақ тұтылып, шортан құтылып кетіп жатқанын айтады. «Тек қарапайым орындаушылар ғана ұсталып, ал олардың үстінен қарайтын ұйымдастырушылар жазадан сытылып кетеді»,- дейді.
АРДАҚ БАТЕЕВА, АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ АДВОКАТТАР АЛҚАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Бұл психотроптық заттар біздің Қазақстанда жоқ. Ол сырттан келеді көршілес елдерден. Қытайдан, Ресейден келуі мүмкін. Екінші мәселе – Телеграм каналдан жас балалар, студенттер ұсталып жатқан 18-30 жас аралығындағы есірткіні қайдан тауып алуын біледі, ал бірақ біздің ІІМ қызметкерлері кураторды ұстауды білмейді. Бізде куратор ұсталмайды, тек қазақтың балалары ғана бір-екі рет закладка салған. Оларды әккі наркодиллер қылып көрсетеді.
Қоғам белсенділері алаяқтық құрбанына айналған немесе білместіктен әрекет жасаған азаматтар үшін Қылмыстық кодекстің 286 және 297-баптарына өзгертулер енгізу мүмкіндігін қарастыруды сұрайды.
ГҮЛЗАТ АЛМАЖАНОВА, «ЖАСЫЛ ЖЕЛКЕН» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Бұл үлкен катастрофа. Сол балалар ертең шыққан кезде біз жұмыс бере аламыз ба? Қазір жұмысқа тұру үшін сізде міндетті түрде сотталмаған деген қағазыңыз болуы керек. Қайта қарау керек жан-жақты. Бұл өскелең ұрпақ қой.
2023 жылы елімізде есірткіге қатысты 7 мың қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 10,1% көп. Өңірлер бойынша мұндай құқық бұзушылықтардың басым бөлігі елордада тіркелген: 978 іс, бір жылда 37,6% көбейген. Одан кейін Алматы (684 іс), Шымкент (600 іс), Жамбыл (562 іс) және Қарағанды (354 іс) облыстары тұр.
БАҚЫТЖАН ӘМІРХАНОВ, ҚР ІІМ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Іргемізді, әсіресе, оңтүстік өңірлер шекарасын бекітуді қолға алып жатырмыз. Шекара қызметтерін тексеру жабдықтарымен қамтамасыз ету назарда тұр. Одан бөлек әлеуметтік желі арқылы жүретін есірткі саудасына баса мән беріп отырмыз. Арнайы аппараттық комплекстер сатып алынған. Соның көмегімен қызметкерлеріміз қылмысты жылдам анықтап, Интернет кеңістігіне мониторинг жасай алады.
Қоғам белсенділері есірткі бизнесін ұйымдастырушыларға қарсы шараларды күшейту ішкі қауіпсіздікті нығайтатынына сенімді. Айта кету керек, биыл есірткі қылмысын алдын алу бойынша елімізде 10 мыңнан астам профилактикалық іс-шара өткен.