$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Алматы облысында Қазақ газетінің тарихы, бүгіні, болашағы тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті

17.10.2024ж. 20:00
366
Алматы облысында Қазақ газетінің тарихы, бүгіні, болашағы тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті

Алматы облысы Қарасай ауданында Қазақ газетінің тарихы, бүгіні, болашағы тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті. Шараға мектеп директорлары мен облыстық және аудандық газет редакторлары қатысты. Конференцияның мақсаты - білім беру мекемелерінде газет - журналдарды насихаттау, балалар газетін шығаруды ілгерілету. Тіл мамандарының айтуынша, газет жазба мәдениетінің дамуына үлкен септігін тигізеді. 

ЕРМҰХАМЕТ МАРАЛБЕК, А.БАЙТҰРСЫНОВ АТЫНДАҒЫ ТІЛ БІЛІМІ ИНСТИТУТЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:

Бұл іс - шараның жалпы аудан тұрғындарына, аудандық білім беру саласына тигізер пайдасы өте зор деп есептеймін. Өйткені жалпы қазақ ғылымы, қазақ жазба мәдениеті газеттер арқылы дамыған. Сондықтан оның тарихына үңіліп, бүгінін бағамдап, оны дұрыс жолға салып отыру өте қажетті іс-шаралардың бірі деп санаймын.

Телефонға телміріп, керегін интернеттен іздейтін жастар жетерлік. Ал әлеуметтік желідегі ақпарат қаншалықты рас екендігі беймәлім. "Сондықтан сенімді әрі ресми жаңалықты басылым беттерінен қараған жөн",- дейді қатысушылар. Сондай-ақ, тіл тазалығын сақтауда газеттің орын ерекше екенін айттты. 

ӘСЕЛ ЕРКІНБАЕВА, ҚАРАСАЙ АУДАНЫ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Өздеріңіз білесіздер, бүгінгі күні тіл тазалығы сақталып жатқан жоқ. Диалектілер немесе басқа бір қате жазу деген сияқты олқылықтар өте көп орын алып жатыр. Ол ешкімге қазір жасырын емес, қазір біз ұялы телефондардан тез - тез мағлұмат алуға машықтанғанбыз. Бірақ ол жерде тіл тазалығы мәдениеті және бір ресми ақпарат бермейді. Ал ресми ақпарат жаңағы тіл тазалығы сақталған қатесіз, былайша айтқанда, мағлұмат ол газет - журналдарда.