Павлодар облысының прокуратурасы агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау саласында тексеру жүргізді, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Облыста агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мақсатты көрсеткіштері орындалмағаны анықталды.
"Облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуды мемлекеттік реттеуде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар. Кейбір жағдайларда осы салада жалған әл-ауқатты көрсету үшін ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу туралы есеп беру ақпараты бұрмаланады. Іс жүзінде субсидиялау процесі тек формалды түрде өтінімдерді қабылдап, бюджет қаражатын бөлуден тұрады. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту саласындағы заңсыз әрекеттердің салдарынан мемлекетке келтірілген шығын шамамен 500 миллион теңге болды", - делінген хабарламада.
Мысалы, 2 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші заңсыз баю мақсатында жалпы сомасы 132 миллион теңгеге техника сатып алуға субсидия алып, кейіннен басқа мақсатқа жұмсаған.
"Бюджет қаражатын ұрлаудың анықталған схемалары бойынша процестік шешім қабылдау үшін материалдарды жинау жүзеге асырылып жатыр, облыс әкімдігіне заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсыныс енгізілді (қаралып жатыр)".