$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Астаналықтар Рақымжан Қошқарбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды

18.10.2024ж. 20:00
269
Астаналықтар Рақымжан Қошқарбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды

Рейхстагқа Кеңес Одағының туын тіккен батырдың рухы ұлықталды. Бүгін елордалықтар Рақымжан Қошқарбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ Халық қаһарманының 100 жылдығына арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Гүл себеттерін қоюға Астана қаласы әкімдігі, Қорғаныс министрлігі және қалалық Ардагерлер кеңесі атсалысты. Қалалық Қазақстан халық Ассамблеясы ұйымдастырған іс-шараға Рақымжан Қошқарбаев атындағы №44 орта мектебінің оқушылары да қатысты.

ТИМУР ОРАЗАҚОВ, КИКБОКСИНГ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ АСТАНА ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүгінгі шараға кикбоксинг федерациясының өкілдері де келді. Айтулы датаға әрбір азамат бей-жай қарамай, атсалысуы керек деп ойлаймын. Біз жыл сайын Рақымжан Қошқарбаев атындағы турнирді өткіземіз. Биыл да бүл дәстүр жалғасын табады.

Гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті. Басты мақсат - аты аңызға айналған ұлы тұлғаның әскери мұрасын зерделеп, ерлігін насихаттау арқылы өскелең ұрпақтың бойында патриотизм мен ұлттық сана-сезімді қалыптастыру. Батырдың көзін көрген азаматтар ол жайында естеліктерімен бөлісіп, өткенге ой жүгіртті.

МАГОМЕД СУКАЛОВ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АҚМОЛА АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Нұра деген ауыл бар. Сол ауылда мен туғам, сол ауылда Рақымжан туған. Мен 14 жасымнан бастап, Рақымжан Қошқарбаевпен кездесіп, сыйласып, біліп - танып жүргенмін. Батыр екеніне көзіміз жетті. Ауылға келгенде, «батыр келді, батыр келді» дегенде мен жүгіріп барып, сәлем беруші едім.

Рақымжан Қошқарбаев майданда ерен ерлігімен талай рет көзге түсті. Ол басқарған взвод «Бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденіне ие болды. Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығын атап өту – ұлттық жетістігімізді дәлелдейтін, тәлім-тәрбиеге алтын бұлақ болатын оқиға.