Шығыс Қазақстан облысында ХҚКО бөлімінің басшысы мен екі қызметкері жүргізуші куәлігін алу емтиханында азаматтарға көмектесіп, олардан заңсыз ақша алғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық соттың мәліметіне сәйкес, Өскемендегі мамандандырылған ХҚКО бөлімінің басшысы мен оның екі қызметкері ақпан мен қазан айлары аралығында азаматтардан жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыруға көмектескені үшін 35 миллион теңгеге жуық заңсыз сыйақы алған.
Соттың шешімі бойынша, ХҚКО бөлімінің басшысына 500 АЕК (1 725 000 теңге) көлемінде айыппұл салынып, мемлекеттік және коммерциялық емес ұйымдарда басшылық қызмет атқару құқығынан бір жылға айырылды. Қызметкерлердің бірі осындай айыппұлға және бір жылға басшылық қызметтен шеттетілді. Ал екінші қызметкер үш жылға бас бостандығынан шектеліп, қылмыстық жолмен табылған ақшамен сатып алынған мүлкі тәркіленді.
Соттың үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.