$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Еліміздегі ең ұзын көпір қолданысқа берілді

21.10.2024ж. 20:00
257
Еліміздегі ең ұзын көпір қолданысқа берілді

Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін еліміздегі ең ұзын көпір қолданысқа берілді. 6 ауданды байланыстыратын өткелді тұрғындар жарты ғасырдан астам уақыт күтті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Премьер-Министр Олжас Бектенов Шығыс Қазақстан облысына барып, көпірдің ашылу салтанатты рәсіміне қатысты. Айта кетейік, көпірді отандық компания салды. Толығырақ Сүндет Оралбек тарқатады. 

Күршімдіктердің көңілін күпті қылған көпір. Шығыстағы ағайынға ортақ арман болса, ол Бұқтырма су қоймасының үстінен өтетін көпір салу еді. Себебі, облыс орталығына барудың өзі күршімдіктер үшін азапқа айналған. Олар осыған дейін Өскеменге қатынауға паромды пайдаланып келді. Ол күніне 300 ғана көлікті тасымалдауға қауқарлы. Оның үстіне кеш батса жүрмейді. Бұзылатыны тағы бар. Ал Зайсан арқылы айналып бару уақыт пен қатар қалтаны қағады. Ал қыстың күні паром жүрмейді. Жүргізушілер басын қатерге тігіп көк мұздың үстімен өтуге мәжбүр болды. Талай адам мұз астына кетіп, мерт болды. Өңірдің дамуына бұл мәселе тұсау болғаны рас. Енді міне халықтың тілеуі орындалды.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен салынған осындай көпір еліміздегі ең ұзын көпір. Ұзындығы 1316 м. Құтты болсын!

Күршім, Үлкен Нарын, Марқакөл, Катонқарағай, Тарбағатай және Зайсан аудандарын байланыстыратын көпір тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында салынды. Екі жолақты өткел тәулігіне 80 мың көлікті өткізеді. Айта кету керек, көпір өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді. Сонымен қатар, еліміздің көлік-логистика саласының дамуына оң әсер етпек.

БАҚЫТХАН ӨЛМЕСЕКОВ, КҮРШІМ АУДАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ:

2019 жылы осы өңірдің халқы еліміздің Президентіне арыз-тілегін жазған. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың тілегіне көңіл бөліп, елдің 60 жыл армандаған көпірін салуға қазынадан қаражат бөлді. Жобада еңбек еткен тек еліміздің азаматтары. Шетелден тартылған бірде-бір маман жоқ. Қаншама кісіге жұмыс табылды. Құрылыс қыстың аязында, жаздың аптап ыстығында да жүргізілді.

ЛАРИСА ГРЕЧУШНИКОВА, АЛТАЙ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бірнеше сағат бойы жүріп өтетін қашықтықты енді бірнеше минутта өттік. Көпірдің ашылуы ерекше оқиға болды. Бұл – маңызды инфрақұрылымдық жоба, әрине, бүкіл еліміздің тұрғындары үшін тарихи нысан. Ол Президенттің бастамасының арқасында жүзеге асты. Қысқы мезгілде бұл жерден өту өте қиын еді.

Мұндай ұзын көпір елімізде бұрын-соңды салынбаған. Жоба озық инженерлік технологияларды қолдана отырып және барлық сапа стандарттарына сәйкес жүзеге асырылды. Премьер-министр ірі жобаларды жүзеге асыру барысында отандық мамандар мен мердігер компанияларды тартуға ерекше назар аударылатынына тоқталды.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Ең қуаныштысы ол өзіміздің қазақстандық компания. Ешкім сырттан келген жоқ. Бұл да жақсы көрсеткіш. Қазақстанда осындай қабілеттері бар компаниялар пайда болды. Ол да жақсы. Сондықтан осы саясатты жалғастырамыз.

Шығыс өңірі қазба байлыққа өте бай. Көпір сол байлықты игеруге мүмкіндік береді. Cондай-ақ туризмнің жандануына жағдай жасап, аймақтың қайта түлеуіне сеп болады дейді тұрғындар.