$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Астанада бірден 3 облыстың ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтті

AstanaTV
21.10.2024ж. 20:00
295
Астанада бірден 3 облыстың ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтті

Нарықтағы бағадан мың теңгеге арзан ет, май және сүт сатылды. Мыңдаған астаналық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне ағылды. Бірден 3 өңірдің табиғи өнімі демалыс күндері тиімді бағамен саудаланды. 

Қарағанды, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарының шаруа қожалықтары астаналықтарды қуантты. Нарықтағы бағадан шамамен 1000-1500 теңгеге арзан бағамен еттің түр-түрін, май, сүт және тағы басқа өнім түрлері лез де сатылып кетті.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Жыл да осындай жәрмеңке өтеді. Бұл өте жақсы ұйымдастырылған. Себебі, халықтың әл-ауқатына тиімді бағамен ауыл шаруашылығы өнімдерін алып жатырмыз.
- Шұжық, жылқының, сиырдың етін алдық. Өте керемет. Бағалары да жақсы.
- Осындай жәрмеңкелер жалғасын таба берсін. Халыққа қолжетімді тағамдар бола берсін дегім келеді.

Жәрмеңкеге келген жұртшылықтың қарасының көбі сонша, шаруа қожалықтарының өкілдерінің демалатын уақыты жоқ. Келушілердің жартысы өз туған өңірінің өнімін сағынып, аңсап келген. Сондықтан, қай ауылдың еті, - деген сұрақ жиі естілді. Әсіресе, Шығыс-Қазақстан облысындағы Қатон-Қарағайдың балына екінің бірі қолы жете бермейді.

ДАМИР МАМИЕВ, ШҚО АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бүгін міне ШҚО 200 тоннадан астам өнім әкелдік. Оның ішінде 66 тоннадай бал, 30 тоннадай ет, 16-20 тонна сұйық май, ұн, қарақұмық, 8 тонна сүт өнімдері және тағы басқа өнім түрлерін әкелдік.

Әр облыс өз өнімдеріне шекті баға қойды. Сол себепті, сауда жасауға келгендердің жартысы екі қолын қос дорбаға толтырды. Жалпы, жәрмеңке сатып алушыға ғана емес, ешқандай делдалсыз жұмыс істейтін шаруаларға да тиімді.

ЖАСҰЛАН РАҚЫМБЕКОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ ҚАРҚАРАЛЫ АУДАНЫ ТЕМІРШІ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Тікелей ешқандай саудагерсіз ұйымдастырылып отыр. Бағасы да өтімді. Мысалы дүкендегі баға 3000-3500 болса, мұндағы баға 2000-2300 аралығында. Ары кетсе, 2500 ге барады. Ол барлығына тиімді. Жалпы, қазір соғым науқаны ғой.

Солтүстік-Қазақстан облысы да әр алуан өнім түрлерін алып келді. Мәселен, Гүлайым Айтымованың бір күн бойы саудалаймын деген ешкі сүтін 2 сағатта алып кеткен. Онымен қоймай, қала тұрғындары Астанаға арнайы Қызылжардан өнімді жіберіп тұруды талап еткен. Кәсіпкердің келіспеске амалы қалмаған.

ГҮЛАЙЫМ АЙТЫМОВА, КӘСІПКЕР:

Алып жатыр. Қызығып жатыр. Менен қайта-қайта нөмерімді сұрап, жазып алып жатыр. Астанада дүкен ашуымызды талап етіп жатыр.

Айта кетейік, жәрмеңкедегі ет сапасына келушілердің мүлдем күмәні болмайды. Себебі, ол тура сауда орнының артында барлығының көз алдында бөлшектеліп жатады.