$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Атырауда апатты мектеп ата-аналары шу шығарды

22.10.2024ж. 20:00
196
Атырауда апатты мектеп ата-аналары шу шығарды

Атырауда апатты деп жабылған № 30-ыншы мектеп ата-аналары үшін жаңа оқу жылы шумен басталды. Олар білім алу барысында балаларының құқығы тапталып отыр деп есептейді. Айтуларынша, төбесінен су кетіп, қауіпті саналған білім ордасы үш жылдан бері не бұзылмай, не жөнелмей тұр. Ата-аналар талабын тыңдауға атқамінерлердің бірі де келген жоқ. Тілшіміз тарқатады. 

№30 мектеп-гимназиясы 2021 жылдың күзіне онлайн режиміне көшуге мәжбүр болды. Содан бері оқушылар бөлініп, түрлі оқу ғимараттарында білім алып келеді. Жаңа оқу жылынан бастап күрделі жөнеуден кейін ашылған №19 мектепте білім алуда.

НҰРГҮЛ ХАЛЕЛОВА, АТА-АНА:

Жарты жыл бойы онлайн оқыдық. 2023 жыл бойы мүлдем басқа мөлтекаудандағы мектепке автобуспен тасымалдады. Оған да көндік. Енді кешкі сағат 4-тен бастап, 30 минуттан оқытамыз дейді. Сонда балаларымыз қандай білім алады?

САҒИМА СӘРСЕНОВА, АТА-АНА:

Керемет деген оқушыларымыз кетіп қалды басқа мектепке, амалсыздан. Керемет деген мұғалімдеріміз де кетіп қалды. Енді қалған аз-мұз мұғаліміміз олар да кеткісі келіп отыр. Себебі біз бүкіл балаларымзды бір ауысымда оқытуы сұраймыз.

Екінші тоқсаннан бастап балалар екі ауысымға бөлініп оқиды. Бұған ата-аналар түбегейлі қарсы.

НҰРАШ РЕШОВА, АТА-АНА:

Біздің балалар басқа есіктен кіріп шығатын болады дейді. Бірақ оларда спортзал, асхана, әжетхана ортақ болса, басқа есіктен кіріп шыққаннан не пайда? Олар бәрібір кездеседі. Біз жанжал бола ма деп уайымдаймыз. Тіпті мұндағы асхана мен спорт залға біздің балаларды кіргізбейді дегенді естідік. Неге құқығын шектейді? Бізге осы ауысымды қалдырып, сабақты 3-тен бастап оқытуды талап етеміз.

Бірақ мектеп басшысы екі ауысымда оқу режимін өзгертпейміз,- деп отыр. Әйтсе де әр баланың қауіпсіздігі жіті бақылауда болады,- деп сендірді.

АЙГҮЛ ЖАНАЗАРОВА, №30 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Мында 13 кабинет беріп тұр, таңертең және түсқайтаға. Жанжал болмайды. Себебі біздер мектеп әкімшілігі, сынып жетекшілері балаларылң қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Мектеп-гимназиясынан соңғы үш жылда бір мыңға жуық оқушы мен 20 шақты мұғалім ауысып кеткен. Қалған ата-аналар үш тілде білім беретін оқу орнының білім сапасы үшін кеткіміз жоқ,- дейді. Сондықтан жаңа ғимаратты тезірек салып берсе деп талап етіп отыр. Алайда ата-аналармен кездесуге облыс пен қаланың бас мұғалімі де орынбасарлары да келген жоқ. Бас маман білім ордасының нақты қашан пайдалануға берілетінінен хабарсыз.

ЕРЛАН БАЛМҰХАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БЕРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Су тасқынына байланысты созылып кетті. Президенттің жолдауынан соң жаңартудан өтетін 1300 мектептің тізіміне енді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде толығымен бұзылып, кері салынады. Қазір инвесторлардың ұсыныстарын күтіп отырмыз.

Ата-аналар 3 жыл бойы сарыла күткен білім ордасының құрылысы тағы қашанға дейін созылатынын сол күйі біле алған жоқ. Оған дейін балаларын бір ауысымда қолайлы уақытта оқыту талабы орындалса дейді.