$484.19 €524.28 ₽5.03
×

ТЖД гарнизонына өрт сөндіру көліктері берілді

22.10.2024ж. 20:00
78
ТЖД гарнизонына өрт сөндіру көліктері берілді

Елордалық төтенше жағдайлар департаментінің гарнизоны жаңа өрт сөндіру көліктерімен толықты. Соңғы үлгідегі 15 техниканы қала әкімдігі табыстады. Бұл материалдық-техникалық базаның жаңаруына септігін тигізеді. Айтулы шара Республика күні қарсаңында өткізіліп отыр. 

Биыл Астанада екі өрт сөндіру бекеті ашылды, тағы бірнешеуін ашу жобасы әкімдіктің қарауында. Ал соңғы 3 жылда қалалық департаментке 90 арнайы техника берілген. Бүгін ондағы автопаркке тағы 15 көлік тапсырылды.

ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК, ҚАЛА ӘКІМІ:

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы сіздердің жұмыстарыңыз күнделікті тәуекел мен үлкен жауапкершілікпен тікелей байланысты деп ерекше атап өтті. Сондықтан біз ТЖД қызметкерлері үшін қолайлы жұмыс ортасын қалыптастыруға бағытталған шараларды одан әрі жүзеге асырамыз.

Төтеншеліктерге көрсеткен қолдауы үшін сала министрі Шыңғыс Әрінов қала әкімдігіне алғысын білдіріп, соңғы реформалардың құтқарушылар үшін жақсы жаңалыққа айналғанын айтты.

ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ:

Елордада бірегей өрт сөндіру кешені ашылды, заманауи жауынгерлік киім-кешек сатып алынды. Және материалдық-техникалық база жаңартылып жатыр. Сонымен қатар өрт-сөндірушілер мен құтқарушылардың әлеуметтік және тұрғын үй мәселелері кезең-кезеңімен шешілуде. Осы бірлескен жұмыстың нәтижесінде Елордада ірі төтенше жағдайдың орын алуына жол берілмейді.

Табысталған техника соңғы үлгіде жасалып, заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Оған 4 тонна су сыяды. Жүргізушімен қосқанда кемі 7 адамға орын бар.

МАДИЯР МЫРЗАГЕЛДИЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл автокөліктер заманауи және де өту жолдармен, үйлердің арасымен ыңғайлы. Бұл өрт сөндіру автокөліктері біздің жауынгерлік өрт сөндіру бөлімшелеріне таратылып, беріледі. Біздерге қазіргі таңда жетіспеушілік жоқ. Негізгі бағыттағы, қосалқы және өрт сөндіру автокөліктері.

Жергілікті әкімдіктің қолдауымен биыл төтенше жағдайлар қызметкерлеріне 50 пәтер табысталған. Осы игі істі жүзеге асыру келесі жылға да жоспарлануда.