$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Пиндуодуо маркетплэйсі елімізге тауар жеткізуді тоқтатты

22.10.2024ж. 20:00
296
Пиндуодуо маркетплэйсі елімізге тауар жеткізуді тоқтатты

Пиндуодуо маркетплэйсі елімізге тауар жеткізуді тоқтатты. Жұмысы қашан қайта жанданары әзірге белгісіз. Айта кету керек, осындай онлайн дүкендер елдегі базарлардың жабылуына сеп болуда. Соңғы 2 жылда шамамен 70-тен астам сауда орталығы жұмысын тоқтатқан. Осы және өзге де ақпараттар "Экономика" топтамасында. 

Қазына қаржысын қалтасына басқандардың шетелдегі мүлкін сату арқылы қайтарылған активтерді басқару компаниясына 6 жарым млрд теңге аударылды. Бұл соманың 6,3 млрды автивтерді сату арқылы, ал 255 млн теңгесі дүние мүлікті жалға беру арқылы түскен. Жауаптылардың айтуынша, жемқорлардың мүлкін сату мен басқарудан түсетін қаржының көлемін дөп болжау қиын. Себебі оған нарықтағы жағдай мен келісім шарттары әсер ететін көрінеді. Айта кетейік, Түркістан мен Ақмола облысында мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен әлеуметтік нысандар салынады.

Бұрынғыдай киім-кешек, азық-түлік дегенді базарға барып, саудаласып сатып алуды қойдық. Керек жарақтың барлығын интернет дүкендерден тапсырыс береміз. Табаныңызды тоздырмайсыз, таңдағаныңызды табалдырығыңызға дейін әкеледі. Пандемиядан кейін сала жандана түскені рас. Десе де, жұрттың онлайн саудаға көшуі базарлардың жабылуына түрткі болды. Былтыр елде базар саны 78-ге азайған. Сауда орталықтарының азаюы көтерме саудаға да кері әсер еткен. Биылғы сауда көлемі 31 трлн теңгеден асты. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 пайызға аз.

Пандемиядан кейін курьерлік қызмет те қарқын алды. Биыл пошта және жеткізу қызметіне сұраныс 5,3 процентке өсіп, 57,3 млрд теңгені құрады. Алыс-жақын шетелден де жеткізу қызметін пайдаланатындар көп. Айта кету керек, көпшілік қолданып жүрген пиндуодуо маркетплэйсі барлық ресми тасымалдаушылардың жұмысын тоқтатты. Жауаптылар жүйеде техникалық жұмыстар мен жаңартулар жүргізіліп жатқанын айтты. Әзірге платформаның жұмысы қашан қалыпқа келері белгісіз.

Валюта бағамына тоқталайық. Қор нарығында доллар 485 теңгеден саудалануда. Еуро 521, ал Ресей рублі 5 теңге 05 тиын болды.