Президент Оңтүстік Қазақстанда жылыжайлар мен бау-бақша көлемін көбейтуді тапсырды. Оңтүстік Қазақстан облысы - мемлекеттен өте көп дотация алатын өңір. Шымкентке жұмыс сапарымен барған Президент Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. Елбасы Сайрам ауданындағы бау өсіру және жеміс-жидек сақтаумен айналысатын мекеме жұмысымен танысты. Үш жыл бұрын индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған серіктестікте 215 мың түп жеміс ағашы бар. Заманауи жабдықталған бау тамшылатып суару жүйесі арқылы жұмыс істейді. Мемлекет басшысы жылыжайлар мен бау-бақша алқаптарының көлемін ұлғайту керектігін баса айтты. Зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде Президент кәсіпкерлікті дамытуда аяққа тұсау болатын мәселелерді доғару қажеттігін айтты. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық пен қағазбастылықтан арылу керек деді. Үш тілділік саясаты, латын әліпбиіне көшу мен туризмді түлету жайын сөз етті. Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Шымкенттегі «Қазақ еліне мың алғыс!» монументін көрді.