Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қазақ-қырғыз мемлекетаралық өзендерді пайдалану жайы талқыланды

AstanaTV
27.04.2017ж. 20:00
2699
Қазақ-қырғыз мемлекетаралық өзендерді пайдалану жайы талқыланды

Қазақстанға су жіберетін айыр қалпақты ағайын ақшалай көмекке зәру. Бұл туралы Шу мен Талас өзендерiнде мемлекетаралық қолданыстағы су шаруашылығы құрылысын пайдалану жөнiндегi екі жақты комиссияның отырысында айтылды. Тараптар әсіресе қаражат мәселесін қызу талқылады.

Қырғыздар Шу мен Талас су бассейінде мемлекетаралық су шаруашылығының техникалық күтiм жасау ісіне деп жыл сайын Қазақстаннан қаражат алады. Тек ресми Астана бөлетін миллиондар айырқалпақты ағайынға аздық ететін сыңайлы.

Абабакир Койлубаев, Қырғыз Республикасы АШ азық-түлік және мелиорация министрлігі департамент директорының орынбасары:

Қазақстан бізге жылына 72 млн теңге бөледі. Бұл қаржы су шаруашылығы құрылыстарын қауiпсiз және сенiмдi пайдалануды қамтамасыз етуге қажет. Яғни жөндеу жұмыстарына жұмсалады. Алайда, бұл ақша тым аз. Жұмыстарды жүргізуге жетпейді.

Шу мен Талас су бассейнін мемлекетаралық бөлу мәселесі де қаралды. 1983 жылғы  келісімге сәйкес Қазақстан Шу өзені суының 48 пайзын, ал, Талас өзенінен 50 пайыз суды алып келеді. Бұл секундына 43-50 текше метрдеген сөз. Жиында бұл көлемнің азаймайтыны айтылды. Ал, қырғыздарға берілер қаржы көлемі қашан ұлғаймақ?

Мүсілім Жиенбаев, ҚР АШМ трансшекаралық өзендер департаменті директоры орынбасарының міндетін ақтарушы:

Бұл мәселе келесі жылға, биылға емес. Келесі жылға қанша миллион керек? Нақты отырыстан кейін жұмыс тобы құрылып, сол жұмыстың көлемін анықтайды. Сол жұмыстың көлеміне байланысты қаражаттың да көлемі белгілі болады.

Жиынға Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы сарапшылар да қатысты. Тараптарды тыңдаған тәуелсіз сарапшы бөлінетін ақшаның мардымсыз екенін жасырмады.

Әбдібай Жайлыбаев,тәуелсіз сарапшы:

Дәл қазір бұл бағытқа 2,5 млн доллар қажет. Қырғыздардың қазір 100 пайыз қаржы бөлуге шамасы жоқ. Бюджеті көтермейді. Қазақстанға келер болсақ, кезінде бұл мақсатқа 86 млн теңге бөлінген кезі болған. Бұл да бюджетке байланысты шаруа.

Сәуір мен қыркүйек аралығында егістікті суару науқаны жүреді. Жамбыл облысының шекара маңындағы шаруашылықтары жыл сайын дәнді-дақылдардан гектарына 55 центнерге дейін өнім алады. Ал суару маусымына 3 млрд текше метрдей су қажет. Оның 80 пайызын қырғыздардан аламыз.