Орал қаласындағы қоғамдық көліктердің қатары жаңа автобустармен толықты. Жергілікті жолаушы тасымалдау компаниясы су жаңа 7 көлікті сатып алды. Жаңа техникаға ең алдымен жүргізушілер дән риза. Тозығы жеткен ескі техникадан жаңасына мінген жігіттер енді қозғалыстың кідіріссіз боларына сенімді. Жаңа автобустар мүмкіндігі шектеулі жандардың арбасына арналған пандус, электронды табло және бейнекамерамен жасақталған.
СЕРГЕЙ БАКАСОВ, АВТОБУС ЖҮРГІЗУШІСІ:
Менің бұрынғы автобусыммен салыстырғанда мынау әлдеқайда жақсы. Ішіне көп адам сияды, кондиционері бар, жүргізу де жеңіл. Мүгедектерге бөлек орын қарастырылған. Бұйырса, бүгін осы автобуспен желіге шығып, жұмысымды бастаймын.
Қаладағы қоғамдық көлікті жаңарту жобасы екі жыл бұрын қолға алынған. Сол кезден бері 170 автобус сатып алыныпты. Биыл жыл соңына дейін олардың қатары тағы он көлікпен толығады. Осылайша қаладағы автобус паркінің жартысы жаңарады.
МҰРАТ БӘЙМЕНОВ, ҚАЛА ӘКІМІ:
Тұрғындармен кездесуде бірнеше мәселе көтеріледі: маршрутты автобустар аз, уақытын сақтамайды деген. Сол себептен соңғы екі жылда қала әкімшілігі қалалық бюджеттен төленіп отырған субсидиядан жолаушылар компанияларына талап қояды: жаңа автобус алынуы керек, жұмысшылардың жағдайын жақсартуы керек.