$498.34 €519.72 ₽4.85
×

"Шашпай-төкпей дер кезінде тасымалдау қажет", - О. Бектенов

23.10.2024ж. 20:00
266
"Шашпай-төкпей дер кезінде тасымалдау қажет", - О. Бектенов

Әкімдер жалған есеп беруден жалығар емес. Не статистикаға, не миға қонымсыз ақпарат тағы айтылды. Бұл жолғы әңгіме - егін жайында. Елде науқан аяқталды. Биыл 26,5 млн тонна астық жиналған. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан мұндай көрсеткішке жету жетістік дейді жауаптылар. Бірақ Үкімет басшысы нәтижеге риза емес секілді. Әкімдерге ескерту жасады. «Шашпай-төкпей жеткізіңдер» деді. Бектенов бұл сөзімен нені меңзеп тұр? Көңілге күдік ұялатқан қандай ақпарат? Аружан Задабек саралайды. 

Биыл 26,5 млн тонна астық жиналды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда көп. Өнім мол шыққан өңірдің көшінде Солтүстік Қазақстан облысы тұр. Қызылорда, Түркістан және Жетісу облысында да жетістік бар.

Бұл аймақ әкімдерінің бұл жолы жолы болды. Жиында бастарын тік көтеріп отырды. Жауын-шашынға қарамастан істі абыроймен атқарып шықтық, дейді. Оны министр де растап отыр.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:

Жоғары өнімділікке ауа райының қолайлы жағдайлары мен агроөнеркәсіптік агротехнологияларды дұрыс қолдану, яғни сапалы тұқымдарды пайдалану, минералды тыңайтқыштарды енгізу және өсімдіктерді тиімді қорғау арқылы қол жеткізілді.

Бірақ әкімдер ерте мақтанып қойған секілді. Көкірегін қаққандардың көңілін Сапаров су сепкендей басты. Әкімдер статистикамен жұмыс істемейді, жалған есеп болуы мүмкін деп күдік тастады. Өкініштісі, ашып айтпады. Әзірге нақты нені меңзегені жұмбақ. Жауабы бар ақпараттарға оралсақ.

Елдің астық бойынша экспорттық әлеуеті 12 млн тоннаға жеткен. Оның 7,5 млны бидайға, 1,4 млны арпаға, ал 300 мың тоннасы жүгеріге тиесілі. Нәтижесінде Қазақстанның Қытайға бидай экспорты ұлғайған.

ҚАЙРАТ ТӨРЕБАЕВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Бұл Қытайға экспорт көлемі 1,6 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Дегенмен Қытай шекарасында кідірістер мен лицензиялау шаралары әлі де шешілуі керек. Жаһандық сұраныстардың және өнімнің төмендеуіне байланысты Италия, Латвия, Испания сияқты Еуропалық одақ елдерін маңызды нарықтары болып табылады. Қазақстан үшін осы тасмалдардың шығынын азайту өзекті.

Биыл дақылдарды темір жол көлігімен тасымалдау басталды. Қыркүйекте 1,05 млн тонна астық пойызбен жеткізілген. Қазан айының қорытындысы 1,25 млн тонна болуы мүмкін.

МАРАТ ҚАРАБАЕВ, ҚР КӨЛІК МИНИСТРІ:

Астық тасмалына 11,8 мың бірлік астыққа арналған арнайы вагондар жұмылдырылған. Оның 6 мың бірлігі экспорттық қатынасқа жұмыс жасауда. Осыған қоса 16 мың бірлік жабық вагондар қолданылуда. Ол вагондар ұнтақталған өнімдердің тасымалын қамтамасыз етуге және ҚХР астық түйеюге, оның ішінде азық-түлік коорпорациясының экспорттық келісім шарттарын орындауға пайдаланылады.

Иә, бүгінгі есеп осындай. Өсімнің барын ұқтық. Нәтижесенің осылай болуы да тиіс еді. Өйткені салаға бюджеттен бұрыңғыға қарағанда әлдеқайда көп қаржы бөлінген. Саланы қаржыландыру 580 млрд теңгеге жетті. Бұл – рекорд. Енді 2025 жылы 700 млрдқа дейін жеткізу жоспарланған. Бірақ алмақтың да салмағы ауыр болады. Оны Бектенов алдын-ала ескертті.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Ендігі басты міндет – жиналған өнімді сақтау мен өткізу. Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп, жиналған астықты шашпай-төкпей дер кезінде тасымалдауды, оны кептіріп, элеваторларға жеткізуді қамтамасыз етуі қажет. Барлық астық қабылдау кәсіпорындары үздіксіз жұмыс режиміне көшуге тиіс. Дәнді-дақылдарды сақтау мәселесін ерекше назарға алу қажет. Сондай-ақ фитосанитариялық қызмет астық сапасына қатаң бақылау жасауға тиіс.

Бюджет бөлінді. Енді талан-таражға түспесе болды. Жан-жақтан жұлмаламай, жұп-жұмыр болуы маңызды. Үкімет басшысының «шашпай-төкпей жеткізіңдер» деуінің де артында осы ой жатқан секілді.