Мемлекеттік марапатқа ие болған азаматтардың басым бөлігі - жұмысшы мамандық иелері. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасына жазды. Награда алғандардың арасында шахтерлер, көлік қызметкерлері мен басқа да өндіріс саласының мамандары көп. Әсіресе жұмыс өтілі жүз жылдан асып кеткен еңбек династия өкілдеріне айрықша мән берілген. Мемлекеттік кеңесші «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары атағын алған төрт адамның үшеуі ғылым мен білім саласының өкілдері екенін ерекше атап өту керек екенін жазды. Мұның бәрі ғылым мен білімді дамытуға, ғалымдар мен ұстаздардың мәртебесін көтеруге қатысты нақты іс-шараларды жоспарлы түрде жүргізіп жатқан Президент саясатының бірізділігін көрсетеді дейді.
ЕРЛАН ҚАРИН, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК КЕҢЕСШІСІ:
Марапатталған азаматтардың арасында Сержан Шәкірат, Нұрлан Өнербай, Секен Тұрысбеков, Майра Мұхамедқызы, Самал Еслямова сияқты өнер саласының майталмандары да аз емес. Сол арқылы Мемлекет басшысы ұлт руханиятын дамытудың және қоғамда жоғары мәдениет қалыптастырудың маңыздылығын паш етті. Президент Ұлттық құрылтайдың отырысында білім, ғылым және мәдениетті қазіргі қоғамның үштағаны деп атады. Жалпы, Президенттің Атыраудағы отырыста айтқан идеологиялық тезистері нақты қадамдар мен бастамалар арқылы жүзеге асырылып жатыр.