Қазақстан Қытай мен Бразилияның Украинаға қатысты бейбітшілік жоспарын қолдайды. Мемлекет басшысы БРИКС плюс саммитінде осылай деді. Қарулы қақтығыстарды келісімдер арқылы тоқтату керек екенін жеткізді. 36 елдің өкілдері мен 6 халықаралық ұйымның жетекшілері қатысқан жиында тағы қандай мәселелер көтерілді? Әріптесім Сүндет Оралбек тарқатады.
БРИКС - көптеген елдерді біріктіретін, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды мақсат тұтқан әлеуеті зор ұйым. Қазір дүйім жұрт назарын аударатын жаһандық орталыққа айналып келеді. Мемлекет басшысы өзара құрмет пен серіктестік, бірлесе өркендеу қағидаттарына негізделген келешектің іргесін қалауға БРИКС-тің тәжірибесі де, мүмкіндігі де жететінін баса айтты. Ұйымның көпжақты күш-жігері әлемде әлі де баламасы жоқ әмбебап құрылым саналатын БҰҰ қызметін толықтыра түсетінін жеткізді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
БҰҰ Жарғысындағы дипломатия мен диалог қағидаттары БРИКС-тің негізгі күн тәртібіне айналды. Ол қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеуге және стратегиялық тұрақтылықты нығайтуға ықпал етіп отыр. Біз Еуразияның тең әрі біртұтас қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты Ресейдің тұжырымдамасын жоғары бағалаймыз. Оның түп негізінде өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайту арқылы геосаяси қысымды төмендету ниеті жатыр.
Қазір әлем теңселіп тұр. Жер-жерден тыныштық кетті. Қарулы қақтығыстар белең алып, бейбіт тұрғындар жапа шегуде. Мемлекет басшысы бұл мәселені назардан тыс қалдырмады. Жаһандық қауіпсіздікті жұрт болып жұмыла шешуді ұсынды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазақстан Қытайдың халықаралық тұрақтылықты сақтау, егемендікті қорғау, қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу және көпқырлы тәсілдерді қолдану арқылы жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бастамасын қолдайды. Сондай-ақ еліміз Қытай мен Бразилияның Украина жөніндегі бейбіт жоспарын құптайды.
Мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына да алаңдаушылық білдірді. Қақтығыстың кедейшілік, теңсіздік пен білімсіздік сияқты түп себептерін бірлесіп жою халықаралық саяси ықпалдастықты нығайтудың негізгі факторы болып қала беретінін айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалауды және оның құрамын Африка, Латын Америкасы, Азия елдерінің жаңа мүшелері есебінен кеңейтуді қуаттайды.
Еліміздің БРИКС-ке мүше мемлекеттермен сауда айналымы қарқынды өсіп келеді. Бұдан бөлек инвестиция, ІТ-технология, азық-түлік, білім және туризм салалары да өзара тиімді серіктестіктің перспективті бағыттары саналады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазақстан БРИКС-ке мүше елдермен көлік-транзит саласында тығыз қарым-қатынасқа дайын. Ең алдымен, «Бір белдеу, бір жол», «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі және Транскаспий халықаралық көлік бағыты бастамалары аясындағы өзара ықпалдастықты нығайту мәселесіне баса мән береміз.
Мемлекет басшысы жаһандық жылыну мәселесін еңсеру үшін «БРИКС плюс» аясында сенімді серіктестік қалыптастыру қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ, энергетикалық қауіпсіздік, су тапшылығы мәселелеріне де ерекше тоқталды. Сөзін қорытындылай келе, «БРИКС плюс» форматындағы бірлескен әрекеттер Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы өзара байланысты едәуір нығайтып, халықаралық қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік беретінін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев жиыннан соң бірқатар елдің Президенттерімен жүздесті.