Шымкентте бүгін 300-ден астам отбасы қоныс тойын тойлады. Игі шара Республика күніне орай ұйымдастырылды. Сондай-ақ шахарда екі жайлы мектеп ашылды. Халық қуанышымен әріптесім Дәрібек Бахытбек бөлісті.
Шаһарда бой көтерген бұл тұрғын үй заманауи үлгіде, талапқа сай салынған. Республика күні қарсаңында ұйымдастырылып отырған игі шара тұрғындарға шаттық сыйлады. Салтанатты кілт тапсыру рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, қуаныш иелерін құттықтады.
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ҚАЛА ӘКІМІ:
Президентіміздің тапсырмасымен көп үйлер салынып жатыр. Қаламыз әрі қарай дамып келе жатыр. Ашық жатқан жер, микроаудандарға үйлер салынып жатыр. Біз бұл процесті тоқтатпаймыз. Бәріңізге құтты болсын деймін.
Қазір мегаполисте 2 мыңнан астам көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 134 -і апатты жағдайда. Олар біртіндеп жаңартылып жатыр. Жыл сайын тұрғындар қоныс тойлайды. Мереке қарсаныңда қонысты болғандардың бірі- Айгүл Құдиярова. Оның алғыстан басқа айтары жоқ.
АЙГҮЛ ҚҰДИЯРОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Апаттық деп танылған үй болатын. Енді сол реновация бағдарламасына ілігіп, осындай, әдемі, зәулімден алып жатырмыз. Біздегі квадратура 45 еді. Қазір мына жақтан беріп жатқаны 78-88 дің арасы. Барлық көршілеріміз риза.
Сонымен қатар шахарда екі жайлы мектеп ашылды. Атап айтқанда, Нұршуақ шағынауданындағы жаңа білім беру ғимараты 2000 орынға, ал Қарабастау тұрғын алабындағы мектеп 1200 орынға шақталып салынған. Айта кетейік, бұл мектептерде оқушылар оқу жылының екінші тоқсанынан бастап оқиды.
НҰРГҮЛ ШӘМШИЕВА, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
4 мемлекеттік мектептен, 1 жеке меншік мектептен, 66 мұғалім ауысу тәртібімен келеді. Бұл жерге 973 бала ауысу тәртібімен келеді деп жоспарлап отырмыз. Қасындағы мектептерден. Екінші тоқсанда сабақ бастап кетеміз деген жоспарымыз бар.
Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде апатты және үш ауысымды мектептер мен оқушы орындарының тапшылығы мәселелері шешіліп келеді. Ол "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылуда. Жалпы, Шымкентте ұлттық жоба аясында 18 жайлы мектеп ашылмақ.