Қарағанды облысы Саран қаласында жылыту маусымында олқылық жібергендер ескерту алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кімдер жазаланды?
Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов пен Қарағанды облысының энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Тілектес Досаев қатаң сөгіс алды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжановқа ескерту түрінде тәртіптік жаза жарияланды.
Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аппараттық кеңесте мәлімдеді.
"Өзінің қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін, жылыту маусымына дайындықты жеткіліксіз түрде бақылағаны үшін бірінші орынбасарыма ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылсын. Саран қаласының әкімі мен энергетика және ТКШ басқармасының басшысына қатаң сөгіс жариялансын. Қыс мезгілінде сапалы жылумен қамтамасыз ету міндеті біз үшін басым екенін тағы да еске салғым келеді. Жұмыс тұрақты түрде жүргізілуі керек! Әр жағдай бойынша қатаң баға беріліп, жауапкершілік дәрежесі анықталады", - деді өңір басшысы.
Сарандағы қазіргі жағдай қандай?
Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов қаладағы жылытуға қатысты баяндама жасады. Оның айтуынша, жергілікті қазандықтар штаттық режимде жұмыс істеп тұр, отын қоры қамтамасыз етілген.
"Қалалық чатқа түсетін сұрақтар жедел қаралады", - деп сендірді Еркін Баулықов.
Бұған дейін не болды?
Еске салайық, бұған дейін Саран қаласының тұрғындары үйлерінде жылу жоғын айтып шағымданды. Кейін қала әкімі Еркін Баулықов тұрғындардан кешірім сұрап, жақын арада пәтерлерге жылу берілетініне уәде берді.