Танымал әнші Сиви Махмуди Анна Данченкоға берген сұхбатында бұрынғы күйеуінің 3 рет үйленгенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әншінің айтуынша, 10 жыл отасқан экс-күйеуі өзінің ажырасқан ер адам екенін, бірінші әйелінен қызы барын жасырын ұстаған.
"Біз онымен қыз бен жігіт болып жүреміз, маған сырға салынады, одан кейін той күнін белгілейміз. Тойға бірнеше күн қалған кезде сырға салу рәсіміне қатысқан алыс туыстарының бірі менің әкеме келіп, болашақ күйеу баласының бұрын үйленгенін айтады. Ол кісілер бұл жаңалықты менің және отбасымның білмейтінін біледі, көреалмаушылықтан әдейі істеді ме, әлде жаны ашыды ма, білмеймін. Мұны естіген әкем таңғалды, мені шақырып, үйде қырғын болды. Әкем менен "сенің тұрмысқа шығайын деп отырған жігітің бұрын үйленген екен, білетін бе едің?" деп сұрады, ал мен хабарсызбын. Мен қалай сонша уақыт сезбегенмін деп таңғалдым. Ол да пысық, мақсатына жатып алған. Сөйтіп өзінен сұрағанда ол әкемнің алдына бар дәлелін жинап келіпті. Оның ажырасқанын дәлелдейтін АХАЖ қағаздарын алып келген, сол кезде оның бірінші некесінен бір қызы бар екені белгілі болды", - деді әнші.
Жаңалықты естіген әншінің әкесі тойды болдырмауға шешім қабылдаған.
"Содан әкем "той болмайды" деді. Сырға салынып қойған, бұл туралы барлық туысқан біледі. Мені Алла осы күйеуіммен сынаған секілді, өйткені біздің қарым-қатынасымыздың өзі кино болып басталды. Ата-анамның алдында ұятқа қалғандықтан мен әкемнің шешімімен келісіп, "осымен бәрі бітті" деп жүремін. Әкем де, мен де оған жолама деп ескерттік, бірақ ол соңына дейін артымнан қалған жоқ. Күнде үйдің алдына келіп алатын, қонатын, маған қоңырау шалып, терезеден қарауымды сұрап, жалынатын. Мен қарап тұрған кезде дәрі ішіп, түрлі концерт қоятын еді. Осылай жүріп үйленгеннен кейін ол бірден босаңсып кетті. Мені сыртымнан құлыптап кетеді де, өзі таңға дейін қыдыратын", - деді ол.
Сиви Махмуди ажырасқаннан кейін таныстары оған экс-күйеуінің тағы бір рет үйленіп жатқанын жеткізген.
"Кейін ажырасқаннан кейін маған ортақ таныстар оның үйленгенін, сүйіктісіне үйленуге ұсыныс жасағанын айтып, суреттер жіберді. Ал маған қызық емес, өйткені мен оның үйленгенін, бақытты болғанын қаладым. Ол бақытты болса, мен де бақытты боламын. Себебі ол менің артымнан қалмады, менің Алматыдан көшіп кету себебім де осы. "Бір жаққа барсаң, аяқ-қолыңды сындырамын" дейтін, не өзі бақытты қыла алмайды, не біреуге бергісі келмейді. Түбінде жіберді, өйткені ол басқа адам тапқан. Мен бұған өте қуаныштымын. Қазір ол сол әйелмен және оның екі баласымен бірге тұрады. Оның маған дейін де отбасы болған, менен кейін де болды, ортасында, арасында қаншамасы бар", - деді Сиви Махмуди.