Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

«Егер біз осылай қала берсек, ешқашан ешкімді қуып жетпейміз»...

AstanaTV
29.04.2017ж. 20:00
2491
«Егер біз осылай қала берсек, ешқашан ешкімді қуып жетпейміз»...

Президент Н.Назарбаевтың Оңтүстік Қазақстан облысына сапарында айтқан мына сөзімен бастағым келіп тұр. Жыл сайын медицинадағы ғылым 15 пайызға өзгереді. Жаңалық күн сайын дерлік шығады. Ал біздің дәрігерлер ағылшын тілін білмейді. Олар медицинадағы жаңа жетістіктер жайлы мақалаларды оқи алмайды. Орыс тіліндегі аудармасы жеткенше, 5-7 жыл өтіп кетеді. Тіл білудің маңыздылығы осында жатыр. Егер біз солай қала берсек, ешқашан ешкімді қуып жетпейміз. 

Деректерге қарағанда, білімнің қайнар көзінің 95 пайызы ағылшын тілінде. Жаңа материалдар шығару, жаңа технологиялар, техникаларды басқару бәрі-бәрі ағылшын тілінде. Және оларды тарату тілі де ағылшын тілі. Мысалы, 2011 жылы әлемде жаңадан басылып шыққан, яғни жаңа идея, жаңа ой, жаңа көзқарас тізілген ағылшын тіліндегі кітаптардың саны 550 мың... қазақ тілінде 1 200. Медицина бойынша ағылшын тілінде 14 мың кітап шықса, қазақ тілінде 147...

Былтыр ақпанда Ерлан Сағадиев Білім және ғылым министрі болып тағайындалғанда интернет айдынынан оның 2013 жылы көпшілік алдына шығып берген дәрісін тауып, тоқталдық. Онда «баламды қай тілде оқытамын» деген мәселе бойынша пікірталаста эмоцияның көп, факт, сан, трендтер туралы әңгіме, ғылыми тұжырым жоқтың қасы. Кім болғымыз келетіні, 20 – 30 жылдан кейін не болатыны туралы сөз аз», - деген.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі: 

Жол қайсы? Ағылшын тілін жаппай, қарқынды үйрену керек. Солай істеген ел басымдыққа ие болады. Скандинавия, Балтық жағалауы елдері, Сингапур, Малайзия, Оңтүстік Корея дәл солай қимылдаған. Жаппай сөйлемесе де, оқиды, түсінеді. Мысалы, Грузия ағылшын тілінде еркін сөйлейтін еріктілерді тартып, әрбір мектебіне бекітіп жатыр. Оны айтасыз, Франция – ағылшын тіліне онша «махаббаты» жоқ Франция, «француз тілін қызыл кітапқа енгіземіз» деген жойқын қарсылыққа қарамай, әрбір мектепте ағылшын тілін оқытуды қолға алды. Себебі ағылшынша үйренбесек, білім ағынынан қалып, бәсекеге қабілетсіз болып қаламыз деп шешті. 

Бұл көзқарас концептуалды алып қарағанда ақылға қонымды. Бірақ кілтипан бар. Бірінші нюанс – техникалық мамандықтар бойынша ілім-ғылым, қолданбалы математика қазақ тілінде сөйлемесе, тілдің дамуын тежеп, қолдану аясын одан сайын тарылтып, орасан кесапатын тигізеді. Екінші нюанс -  мәдениетті адам қалыптастырудағы міндет  ұлттық ерекшелікті сақтау, мәдениетті адам ана тілін білуі шарт деу бар да, дәл сол формулаға салсақ, «мәдениетті адам» категориясына жатпайтындардың жоғары атқарушы билікті құрауы және оларға қарап қоғамның  тіл, мәдениет туралы түсінігінің де алаңдататын деңгейге түсуі... Жалпы, көштен қалмаумен қоса, бірнеше тілді, оның ішінде ағылшын тілін еркін меңгерген мамандардың еркін қимылдайтыны, мүмкіндіктерінің көбірек болатыны, тиісінше біліктілігін тез, әрі сапалы арттыратыны, ең бастысы – адам ретінде өзін еркінірек сезінетіні, үрейлер мен стресске беріле қоймайтыны ып-рас! Алайда мемлекеттік тіл сақталмаса, мемлекеттілік сақталмайды. Айналып келгенде, ана тілімізді өлтірмеу мен көштен қалмау өруге көне қоймайтын «қыңыр да, қатты шаш» сияқты. Бірақ «бұрым» жасамаса жол жоқ – «жалбырап, қобырап тұрған шаштың» ... «шаштаразға» апаратыны даусыз...