$494.87 €520.65 ₽4.91
×

«Менің үйімде бірде-бір отандық техника жоқ», - министр

29.10.2024ж. 20:00
348
«Менің үйімде бірде-бір отандық техника жоқ», - министр

Елде кір жуғыш машина, теледидар мен шаңсорғыш шығарылады. Бірақ олардың қайда сатылатыны белгісіз.Салаға жауапты деген Өнеркәсіп және құрылыс министрінің өзі қайдан алуға болатынын айта алмады. Алуға кеңес бергенімен, сапасына сенбей ме, қайдам, өзі тұтынбайды екен. Бірақ сыйға тартқанды жақсы көреді. Министрдің дегенін тыңдап, отандық өнімді қолдайын десең, дүкен сөрелерінен таппай қиналасың. Тұрғындар бірде-бір рет елден шыққан тоңазытқыш көрген емеспіз дейді. Сонда өнеркәсіп басшысы кімді алдап отыр? Аружан Задабектің материалы. 

«Өзіміздікі өндірістікі». Осылай деп қанша әзілдесек те, отандық өнімге бүйрегіміз бұрмай тұр. Елден шыққан десе күдікпен қарайтынымыз жасырын емес. Десе де, отандық көлікке сұраныс бар дейді мамандар. 9 айдың ішінде 82 мыңнан астам жеңіл автокөлік шығарылған. Комбайн мен тракторлардың саны 5 мыңға жетіпті. Көрсеткішті екі есе өсіруге ниет бар. Ол үшін құны 150-200 млн доллар болатын жаңа зауыттардың құрылысы басталған.

АНАР МАҚАШЕВА, АВТОКӨЛІК ОДАҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жалпы машина жасау саласындағы автомобиль жасау үлесі 39,4%-ды құрады. Қазір автомобиль компоненттерін өндіру бойынша 10 жоба қолға алынған, олардың кейбіреулері іске қосылды.

Қағазға жазылған есепті оқып, жетістік бар деп мәз болу оңай. Отандық өнім деген аты ғана ма, қалай өзі?! Затына үңілсең, елде құрастырылған көліктердің темірі Қытайдан келеді. Әзірге, шикізатты өзімізден қашан шығарарымыз жұмбақ. Бірақ соған қарамастан Қазақстан машина жасау өнімінің экспортын арттыруды көздеп отыр.

МЕЙРАМ ПІШЕМБАЕВ, МАШИНА ЖАСАУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Нақты көлем индексін 2,2 есе, ақшалай өндірісті 4,5 есе, экспорт көлемін – 3 есе, еңбек өнімділігін – 2 есе, инвестицияларды – 1,5 есе ұлғайту бойынша қойылған нысаналы индикаторлар 2029 жылға қарай елдің ЖІӨ-ін екі есеге арттыру бойынша өз үлесін қосуға мүмкіндік береді.

Машинаны былай қойғанда, қарапайым елде өндірілетін тұрмыстық техниканы табу мұң. Дүкен сөрелерінен кездестірмейміз. Бірақ министрлік тоңазытқышы бар, шаңсорғышы бар, тіпті, сіз қазір көріп отырған теледидарды да шығарамыз деп есеп берді. «Оларды қайдан табамыз» деп кері сауал жолдап едік, аузына құм құйылғандай анығын айта алмады. Өзім сыйлыққа алғанмын деп қайырды. Өзі тұтынбайтынын да жасырмады.

ҚАНАТ ШАРЛАПАЕВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ:

Менің үйімде осындай техника жоқ. Бірақ Dauscher өндірген техниканы оның ішінде пешті туысыма сыйлыққа алдым. Жолдасым интернет арқылы оны сатып алды.

Ал ауыл шаруашылығы техникаларының 76 проценті тозған. Мұны Үкімет басшының өзі айтты. Жұмыс қарқынын арттырып, дайын өнімдер мен қосалқы бөлшектер шығаратын жаңа жобаларды іске қосуды тапсырды.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту қарқыны іс жүзінде - 5%, ал норма 6-8% болуға тиіс. Биыл біз қолдау шараларын тек отандық ауыл шаруашылығы техникасын шығаруға ғана қайта бағыттадық. Импорттық аналогтарды субсидиялау алынып тасталды. Сондай-ақ, техника лизингінің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау кезінде отандық техника үшін айтарлықтай төмен – сараланған тәсіл көзделді.

Биыл ауыл шаруашылығы техникасы өндірісінің жылдық көлемі 263 млрд теңге болды. Енді оны 300 млрдқа жеткізу көзделген.