$533.61 €621.07 ₽6.78
×

«Пара» деп есептелуі үшін «рақатын» көріп, жұмсауы керек пе? «Ни ісі».

AstanaTV
29.04.2017ж. 20:00
2464
«Пара» деп есептелуі үшін «рақатын» көріп, жұмсауы керек пе? «Ни ісі».

 «Қорғас» шекаралас ынтымақтастық орталығының бұрынғы президенті, «1 миллион доллар пара алды» деген айыппен былтыр күзде ұсталған Василий Ни мен оның әріптесі Махаббат Сайдуллаева  ...қылмыстық жауапкершіліктен босатылыпты. Әлеумет дүр етті. Қалай? Әйтсе де Алматы қалалық сотының төрағасы Ақжан Ештайдың ойынша, «бәрі дұрыс, бәрі заңды».

Белгілі адвокат Джохар Өтебеков Facebook желісіндегі парақшасында былай деп жазды:

1 млн доллар пара алған Ни ісі бойынша Алматы қалалық сотының төрағасы Ештайдың сөзі таңғалдырды. (Ол Ниді барынша қорғады. Менің ойымша, ол тамаша адвокат бола алады). -Ни ісі негізі, аяқталмаған қылмыс. Бұл қылмыс жасау әрекеті,- деген. Қылмыстық құқық саласында «негізі» деген болмайды! Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының нормативті актілерінің коррупция туралы 16-тармағынде «Пара алу параны ҚАБЫЛДАУ сәтінен бастап аяқталған деп саналады» деп жазылған. Сонда Ештай «қылмыс жасау әрекеті» дегенде нені меңзеп тұр? Ни алған парасының рахатын көріп үлгермеді дегені ме? «Феррари» сатып алып, Монте-Карлоға баруы керек пе?

«Қорғас» ХШЫО бұрынғы президенті Василий Ни мен орталықтың инвесторлармен жұмыс бөлімінің бұрынғы бастығы Махаббат Сайдуллаева былтыр қыркүйекте жеке меншік компания өкілінен 1 миллион доллар пара алу кезінде ұсталған. Дәлірегі – Ни Қазақстан-Қытай шекарасында қонақүй кешенін салуға келісім беріп, сол үшін Сайдуллаева арқылы 1 млн доллар пара сұраған. Істі Алматы қаласының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты қараған. Сот оларды бұрын сотталмаған, жұмыс орны мен тұрғылықты жері бойынша алған жақсы мінездемелері бар, тағылған айыпты толық көлемде мойындаған, бұдан бөлек Сайдуллаеваның асырауында кішкентай баласы бар, деп қылмыстық жауапкершіліктен босатқан.

Жұрт шулап кеткесін, сәрсенбіде Алматы қалалық сотының төрағасы Ақжан Ештай әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттерімен кездесуінде Василий Ниді қылмыстық жауапкершіліктен босату себебін түсіндіруге тырысқан. Tengrinews агенттігі Ештайдың мына сөздерін келтіреді:

«Негізі Ни мен Сайдуллаеваға қатысты іс аяқталмаған қылмыс саналады, бұл қылмыс жасау ниеті болып табылады. Ол кінәсін мойындап, оған өкінетінін айтты. Ешқандай зиян келген жоқ. Қылмыстық кодекстің 65-бабына сәйкес, егер адам қылмысына өкінсе және ешқандай зиян келтірмесе әрі істі ашуға көмектессе, оны босатуға болады. Заңда солай көрсетілген».

Алайда Алматы қалалық соты төрағасының түсіндірмесі Василий Ни мен Махаббат Сайдуллаеваны қылмыстық жауапкершіліктен босатудың заңдылығына иландырмақ түгілі, жұрт ашуын одан әрі қоздырды. Қазақстан адвокаттар одағы президенті Әнуар Түгел Facebook желісіндегі парақшасында былай деп жазды: «Алматы соты Василий Ниді қылмыстық жауапкершіліктен босатып жатқан тұста Ақтау қаласында сондай қылмыс жасағаны үшін қылмысына өкініп, тергеушілерге көмектескеніне қарамастан жол-патруль экипажы қызметкері жеті жылға сотталды. Екі жағдай да бірдей. Екеуі де пара алу кезінде ұсталды, екеуі де қылмысына өкінді, екеуі де тергеу органдарына көмектесті. Екіншісі тіпті кінәсін мойындағаны жайлы процессуалдық келісім жазып берген. Екеуінің арасында жалғыз ғана айырмашылық бар. Біріншісі алған пара көлемі – 1 миллион доллар, екіншісі 10 мың теңге алған. Принципшіл Фемида кейде тіпті талғап үкім шығаратын сияқты». Осыған ұқсас мысалдар жетіп артылады. Әлеумет оларды тізіп жазды.

Жұрт айтады, жақсы, Ниді босатуға «негізі» негіз бар шығар. Бірақ онда неге дәл сондай басқа жағдайларда Ниге жасалғандай қайырымдылық жасалмайды? Үлкен резонанс туғызған осы мәселе бойынша Мәжіліс депутаты Владислав Косарев ғана бірнәрсе айтқан. Онда да «адам ұрлаған нәрсесінің құнын өтесе, оны босату керек» деген заңды еске салған. Алайда Нидің парадан бірнеше есе көп айыппұл төлегені туралы (негізі заң бойынша айыппұл пара көлемінде емес, одан да көп, еселеніп салынады), ақпарат жоқ. «Қылмыс емес, қылмыс жасауға ниеттенді» деген сөздер бекер айтылмаған-ау...

Джохар Өтебеков, адвокат:

Мен аса ауыр коррупциялық заң бұзушылық үшін қылмыстық жауапкершіліктен босатып жіберу дегенді алғаш рет естідім. Себебі қазіргі заңнамаға сәйкес, бас бостандығынан айырмады деген күннің өзінде алған парасының көлемін 10 еселеп, мемлекет есебіне қомақты айыппұл төлету көзделген. Сот Ни-ді бас бостандығынан айырмаса да, сол жазаны қолдануына болушы еді, бірақ біз ондай жазаны да көрмедік. Мүлкін де тәркілеген жоқ. Бұл өте таңқаларлық үкім болды. Мұндай жағдайда кейде айыпталушы өз жақтастарының бірін жығып беріп, өзі құтылып жататын, алайда олай да болған жоқ. Алматы қалалық сотының сөзін түсінбедік. Ол алған ақшаны жұмсап үлгерген жоқ, сәйкесінше мемлекет есебіне зиян келген жоқ дейді, алайда, бұл қылмыс параны қалтаға басқаннан-ақ, жасалған болып есептеледі.