$491.7 €531.28 ₽5.07
×

Оралда әлі газ тапшы

29.10.2024ж. 20:00
149
Оралда әлі газ тапшы

Атыраудағы мұнай өңдеу зауытының жөндеуге жабылуы батыстағы үш облысқа ауыр тиді. Әсіресе өзінде бар отынды атыраулық көршілерімен теңдей бөліскен Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарында қазір газ тапшы. Көлігіне көгілдір отын құю үшін кезекке тұрып, сағаттап сенделген жүргізушілер ашуын кімнен аларын білмей жүр. Аймақтағы ахуалды тілшілеріміз жеткізеді.

ЕРКІН КАРИН:

Оралда әлі газ тапшы. Осы салаға жауапты мамандар бұл мәселені 25-қазанға дейін шешеміз деп сендірген еді. Енді жағдай 1-қарашада түзеледі деп уәде беріп отыр. Ал сағаттап кезек күткен жүргізушілер бұған сенбейміз дейді.

Қазір Оралдағы газ құю бекеттері көлікке толы. Жүргізушілер газ болмаса да, көгілдір отын келіп қалар деп бүкіл жұмысын тастап, бекет басын күндіз-түні күзетуге мәжбүр.

ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қолдарынан келетін зат болса шешуі керек қой. Бір ай болды ғой, бір ай! 24 сағатта қарайған шаруаны шешуге болады қазір. Бір суткада Илон Маск космосқа ұшып барып келіп жатыр ғой.

Шенеуніктердің айтуынша, Атыраудың мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу әлі толық аяқталмаған көрінеді. Енді кешен 1-қарашада іске қосылар деп үміттенеді. Қазір Оралда өндірілген газдың тең жарымы Атырауға жіберіліп жатыр.

БЕЙІМБЕТ МУСИН, БҚО ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Атырау бізден 95 пайызын алды. 100 пайыздың 95 пайызын алды. Яғни осы айдың аяғына дейін барлық көлемдерін алып болады. Осы бір-екі күнде алып болады. Келесі айдан бастап сұйытылған газ тапшылығы сұрақтары өз орнына келеді деп жоспарлаймыз.

ЕРКІН КАРИН:

Бүгінде аймақтағы автокөліктер ай сайын 3 510 тонна автогаз тұтынады екен. Шенеуніктер келер айдан бастап, бұл көлемді 500 тоннаға ұлғайтқанын айтады. Осылайша өңірде көгілдір отын тапшылығы болмайды деп сендіріп отыр. Бақыт, сендерде тапшылық мәселесі қалай шешілуде?

БАҚЫТ ҚАЗАНҒАПҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Рахмет Еркін. Біздің облыста екі аптадан бері автогаз тапшы. Жүргізушілер сұйық отын таба алмай сабылып жүр. Ал газ бар бекеттерде жүздеген көлік сағаттап кезекте тұр.

Автогаз тапшылығы өңірде шілденің ортасынан басталды. Үш айдан бері ай аяғында жанар жағармай бекеттерінде автогаз жоғалып кетеді. Жүргізушілер үш-төрт сағаттап кезекте тұрып, әрең жеткенде автогаздың қалмай қалатынын айтып өкпелі.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Мен сағат 10-да келгенде очередь алдымда 150 машина болды. Жеттім енді дегенде газ бітіп қалды дейді. Білмейміз енді не істейтінімізді.
- Қиын болып кетті өзімізден шығатын газ . Өзімізге жетпей жатыр. Таңертеңнен кешке дейін очередьте тұрамыз.
- Қырғын очередь 60-70 машина постоянно білмеймін осы. Қиын болып тұр. Кейде түнгі екі үшке дейін тұрып барып, очередь келгенде бітті дейді.

Облыста 56 мыңнан астам көлік газбен жүреді. Одан бөлек басқа өңірлерден күн сайын он бес, жиырма мыңнан астам транзиттік көлік кіреді. Аймаққа осы айға Энергетика министрлігі 11 388 тонна сұйытылған газ бөлген. Бүгінде соның 93 пайызы тұтынушыға таратылған.

ДУМАН ДАУЛЕТИЯРОВ, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

В целах предотвращение дефицита.... тапшылықты болдырмау мақсатында Ақтөбе облысы әкімдігі СНПС Ақтөбемұнайгаз зауытымен келісімге келіп, қараша айының сұйытылған газ ауқымын осы айда яғни 31 –қазанда 36 вагон 1296 тонна сұйытылған газ алып жатырмыз. Осы мәселені шешеді деп ойлаймыз.

БАҚЫТ ҚАЗАНҒАПҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Ақтөбе облысында толық қажеттілікті өтеу үшін 17 мың тоннадан астам сұйытылған газ керек. Сондықтан Шымкент мұнай өңдеу зауыты ресустарынан 900 тонна қосымша сұйытылған отын сұратылған.