$533.61 €621.07 ₽6.78
×

Сарапшылар зейнетақы қорының қоғамдық кеңесінен неге кетті?

AstanaTV
29.04.2017ж. 20:00
2197
Сарапшылар зейнетақы қорының қоғамдық кеңесінен неге кетті?

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жанынан құрылған қоғамдық кеңестен бірнеше эксперт, оның ішінде белгілі саясаттанушы Досым Сәтпаев кетіп қалды. Алдымен қордың төрайымының түсініктемесі. Нұрбибі Наурызбаеваның айтуынша, тәуелсіз бақылаушылардың өз арасында алауыздық болған. Кеткен сарапшылар қордағы жинақтау жүйесін ғана емес, жалпы қызметті қадағалауды ойлаған. Бұған кеңестің қалған мүшелері қарсы шыққан.

¤Нұрбибі Наурызбаева, «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрайымы:

¤

Қоғамдық кеңеске мүше сарапшылар өз еріктерімен келді. Әркімнің өз пікірі бар. Кеңесте 29 адам жұмыс істейді, ал 2-3 адамның шығып кеткені жұмысымызға кері әсерін тигізе қоймас.

¤

Досым Сәтбаев та өз пікірін білдірді. Қор жанындағы қоғамдық кеңесті басқарған белгілі саясаттанушы  мемлекеттік органдардың тиісті сауалдарға жауап беруден қашатынына тоқталды. Тоқетерін айтқанда, қордың жұмысына қатысты жариялылықтың жоқтығы мен зейнетақы жүйесін басқарудағы тиімсіз реформалар оны кетуге мәжбүрлеген.

Досым Сәтбаев, саясаттанушы:

¤

Осы күнге дейін мемлекеттік бағдарламалар аясында зейнетақы жинақтарының қайда жұмсалып жатқаны туралы Үкімет есебін көрген емеспіз. Біз  жинақтан бөлінген қаржының жұмсалып кеткенін білеміз, онда да шартты түрде 20-30 млрд. теңге мына бағытқа бөлінді, деп естиміз. Бірақ қандай шартпен берілді? Одан салымшылар қандай пайда көреді, мемлекетке пайда бар ма? Бұл туралы ешкім жақ ашпайды. Егер біз Үкіметтен немесе осыған жауапты салалық министрліктерден аталған сұрақтарға нақты жауап алмасақ, мұндай қоғамдық кеңестің не қажеті бар?! 

Енді мынадай деталь. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жалған ақпар берген. Мекеменің ресми сайтындағы инвестициялық табыс туралы мәлімет шындыққа жанаспайды». Мәжілістегі «Ақ жол» партиясының фракциясы: 2015-жылғы табыс 15,6 пайыз деп көрсетілген, ал шын мәнінде 10 пайыздан аспайды, деді. Айтарлықтай мол табыс таппаса да, зейнетақы қоры Ұлттық банкке 16 млрд теңге комиссия, сондай-ақ, басқарушы компанияларға 33,6 млрд сыйақы төлепті. 13,6 млрд теңге қордың әкімшілік шығындарына жұмсалған. 

¤Екатерина Никитинская, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

¤

Салымшылар маңдай термен тапқан ақшаларының жауапкершіліксіз және қалай болса, солай жұмсалғаны туралы фактіні біліп ғана отыр. Ең қауіптісі, Ұлттық банк пен Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры басшылығы инвестициялық саясатты өзгеруге құлықты емес. Осыған қарап, Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорына байланысты осы тектес проблемалар шығатынын түсіну қиын емес. Мұндай қорлардың қаражаты бюджеттің жыртығын жамауға жұмсалады немесе лауазымды тұлғалардың бас пайдасына кетеді деп күдіктенуге негіз бар. Қазіргі болып жатқан жағдай қаржы құрылымдарына деген сенімді түбегейлі жоюға әкелуі мүмкін.  

Е.Никитинская қордың активтері мақсатты және тиімді жұмсалуы үшін басшыларының персоналды және материалдық жауапкершілігін енгізу керек деп санайды. Сонымен бірге зейнетақы қоры, қызметі туралы халық үшін ұғынықты форматта мағлұмат беруі керектігін еске салды. Д.Сәтпаевтың айтып отырғанымен үндесетін талап. Ал Сәтпаев осы мәселе бойынша күдерін үзді...