$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Тараз қаласының тұрғындары апатты жағдайда тұрған көпірді жергілікті билік жөндеуге қауқарсыз деп дабыл қақты

29.10.2024ж. 20:00
218
Тараз қаласының тұрғындары  апатты жағдайда тұрған көпірді жергілікті билік жөндеуге қауқарсыз деп дабыл қақты

Тараз қаласының тұрғындары шаһардың шығысындағы апатты жағдайда тұрған көпірді жергілікті билік жөндеуге қауқарсыз деп дабыл қақты. Ал әкімдіктің жауабы ақша жоқ. 6 ауданды жалғайтын көпір жылдан жылға жарамсыз боп барады. 

Тозығы жеткен өткелдің өңір үшін стратегиялық маңызы зор. Талас өзенін кесіп республикалық бағытқа қарай беттейтін жалғыз жол. Қалаға қарасты қос алып алқапқа жұрт осы көпір арқылы өтеді. Сондықтан тұрғындар жалғыз өткел жарамсыз болса жағдайымыз қиындай ма деп алаңдайды.

ӘДІЛХАН МЕЛДЕБЕКОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Машина өткенде тарсылдайды. Көпірдің бәрі қимылдайды. Мен өзім осында тұрғалы жөндеу көрген жоқ. Жыл да сырлайды. Кәдімгі краскі жасайды. Басқа жөндеу көрген жоқпын

СЛЕЙЛА ШАКИРОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Жүк көліктері өтіп жатыр. Қауыпты, сынуы мүмкін. Құлауда күтпеу керек. Құламай тұрып жөндеу керек осы мостты.

«Аманат» фракциясының мүшесі, қалалық маслихат депутаты Талғат Дүйсенов сессия сайын әкімге ескертіп келеміз, жиын сайын жөндеу керек деп көпірдің жырын жырлаймыз дейді. Қала әкімдігі жақында күрделі жөндеуден өткізбесе құлап қалу қаупі бар дейді.

ТАЛҒАТ ДҮЙСЕНОВ, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ, "АМАNАТ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Оны біз партия бақылау комиссиясымен шығып зердеген болатынбыз. Жақын арада құлау қаупі бар деп ойлаймын өз басым. Сол себептен бұл әр сессияда, әр жиналыста көтерілген мәселе болатын. Барлық жағдай қаражатқа келіп тіреледі.

Шахар шенеуніктері қолды байлап тұрған қаржы дейді. Өткен жылы сметасын жасап, бас қалаға жөнелтіпті.

НҰРСҰЛТАН ИСАБЕКОВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл көпірді апатты деп санап, қазіргі таңда 23 жылы сараптама қортындысын өткіздік жобасын әзірлеп. 6,4 млрд құрап отыр кіре беріс және шыға беріс бөлігі. Қазіргі таңда республикағы бюджеттік өтінім берілді. Қолданыс тапқан жағдайда біз құрылыс жұмыстарын бастауға әзірміз.

1970 жылдары салынған көпірдің құжаты да жоқ екен. Талас өзені Қазсушар мекемесіне қарағандықтан көпірді күрделі жөндеу керек деп оларға да арнайы хат жолданған. Жаттанды жауап "ақша жоқ". Жоғарыда айтылған қомақты қаржыға бұл бір ғана көпір емес апатты деп танылған тағы бір өткел жөндеуден өтпек.