$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Жан-жақтан қарыз ала бермей, оны саралап, ең тиімді жолдарды іздейміз»,- Н. Байбазаров

30.10.2024ж. 20:00
165
«Жан-жақтан қарыз ала бермей, оны саралап, ең тиімді жолдарды іздейміз»,- Н. Байбазаров

«Жан-жақтан қарыз ала бермей, оны саралап, ең тиімді жолдарды іздейміз». 2025-2029 жылдарға әлеуметтік-экономикалық даму болжамын жасаған Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров осылай деді. Бүгін Мәжіліс алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын қабылдады. Десе де, депутаттар тарапынан біраз сын айтылды. Елдегі бюджет тапшылығы, әдеттегідей, Ұлттық қормен жамалады. 2025 жылы Ұлттық қордан 5,3 трлн теңгені көлемінде кепілдендірілген және нысаналы трансферттер алынбақ. Мәжіліс отырысында тағы қандай мәселелер айтылды? Тілшіміз тарқатады.

2025 жылы мемлекеттік кіріс 15,6 трлн теңге, 2026 жылы – 16,7 трлн теңге, ал 2027 жылы – 18,2 трлн теңге болады деп болжанып отыр. Шығындар сәйкесінше 25,8 трлн, 23,2 трлн және 24,6 трлн теңге болмақ. Бюджет жобасында экономиканың тұрақты өсуі атап өтілді. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі (5,8%), құрылыс (9,3%), ақпарат және байланыс (9,5%) өсу қарқыны бар жекелеген салалар бар.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біз 3 жылдық кезеңге арналған ел бюджетін талқылауды аяқтадық, қабылдадық. Бюджетті мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы мен жыл сайынғы жолдауларында белгіленген бастамаларын іске асыруға баса зер салынды. Республикалық бюджет жобасы күрделі экономикалық жағдайға қарамастан мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындауға мүмкіндік береді. Бюджеттің жалпы шығысының шамамен 40 пайызы әлеуметтік мәселелерді шешуге арналған. Мәселен, келесі жылы әлеуметтік төлемдер көбейетін болады.

Алдағы жылы мемлекеттік борыш көлемі 32,8 трлн теңге, 2029 жылы 48,5 трлн теңгеге жетеді деген болжам бар. Мемлекеттік борыш сомасы ұлғайған сайын республикалық бюджетке түсетін ауыртпалық та артатыны анық.

НҰРЛАН БАЙБАЗАРОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Мемлекеттің борышы бюджеттік заңнамада көрсетілген бюджетті қаржыландыру көздерінің бірі. Сондықтан біз оны пайдаланамыз. 2027 жылы бюджеттік дефицитті 1,9 пайызға түсіру міндетін алға қойдық. Мемлекеттің кірістерінің көбеюі есебінен. Әрине, біз жан-жақтан қарыз ала бермей, оны саралап, қарап, ең тиімді жолдарын іздейміз.

Бюджет шығыстарының басым бағыттары әлеуметтік міндеттемелерді орындауға бағытталады. Десе де, депутат Елнұр Бейсенбаев Үкіметтің мүгедектерді әлі де қолдамай отырғанын жеткізді. «Мүгедектерге берілетін әлеуметтік жәрдемақының көлемі жыл сайын тек Үкіметтің 7 пайыздық инфляциялық индексациямен ғана өсіп отыр»,- деді ол.

ЕЛНҰР БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Мүгедектер үшін жыл сайын қосылатын сома бар-жоғы 5-6 мың теңгеден аспайды. Бұл – осында отырған Үкімет мүшелерінің бір күндік түскі асының құны. Келесі жылға мүгедектердің алатын жәрдемақысына бар-жоғы 9 доллар немесе 4400 теңге ғана қосылыпты. Ал елімізде дәрі-дәрмектің бағасы ұшып тұр. Азық-түлік бағасы да қымбаттамаса, арзандамайды. Осындай жағдайда, 79 мың теңгемен мүгедектігі бар адам қалай күн көрмек?!

Айта кету керек, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін келер жылға 226 млрд теңге жоспарланған. Жауаптылар баға саясатын реттеу мәселесі қалыс қалмайтынын жеткізді.

АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Ең үлкен мәселе – дәрі-дәрмектің баға саясатын реттеу мәселесі. Бұған байланысты тиісті жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар тегін дәрі-дәрмектердің тізімін қайта қарау мәселесі, 2024 жылы басталды бұл жұмыс. Тиімсіз пайдаланылған тізімге кірген дәрі-дәрмектер оңтайландырылды. 2025 жалғасын табады.

Тағы бір мәселе - қазір бюджет қаржысының басым бөлігі мұнайға, шикізатқа тәуелді. Әлі күнге дейін республикалық бюджеттің 40 пайызы - қазба байлықты экспорттаудан түсетін кіріс.

БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Мұнайдың барелі 75 доллардан есептегенбіз. Егер де мұнайдың бағасы әлемдік нарықта 75 доллардан төмендеп, 60, 40, 50 долларға түсіп кетсе, мұндай жағдайда Үкімет қандай шара қолданады деген нақты сұрақ қойдым. Үкіметтің беріп жатқан жауаптары қанағаттанарлықсыз.

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Ұлттық қордан ірі көлемдегі қаражатты алу Қор активтерінің 2029 жылға қарай 100 миллиард долларға жете алмай қалу қаупін тудыратынын айтты. «Сондықтан Қор қаражатын ағымдағы қажеттіліктерге пайдалануды тоқтату қажет»,- деді.